Егіс алқабы бекітілген кестеден 1 гектар артық егілсе, онда оған 1 тамшы да су берілмейді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгін шаруаларға қатаң ескерту жасады. Дихандарға тықыр таянды. Премьер-министр облыс әкімдері мен шаруаларға қандай тапсырма жүктеді? Тілшіміз тарқатады.
Тапшылық оңтүстіктегі үш өңірде өзекті. Ол Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары. Ол аймақтарда биылдың өзінде су жетіспеді. Келер жылы жағдай тіпті күрделене түспек.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Шардара су қоймасына су келуі 43 пайызға төмендеді. Нарын-Сырдария каскадындағы ірі су қоймалардағы су көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кем. 2026 жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1-2 млрд текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады.
Вице-премьер осы жағдайларды ескере отырып, шаруаларға лимит енгізуді ұсынды. Ылғал сүйгіш дақылдарды кестеге сәйкес егу керек деді. Сондай-ақ, әр өңірде кемінде 100 гектар жерге ылғалды ұстап тұратын препараттарды пайдаланып көруді тапсырды. Оны әкімдер жергілікті бюджеттен қаржыландырады.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Қазсушар» РМК суару суын жеткізу туралы келісімшарттарды ылғалсүйгіш дақылдар бойынша тек бекітілген лимиттер шегінде ғана жасайтын болады. Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігіне 2026 жылғы 1 ақпанға дейін құқық қорғау органдарымен бірлесіп, 2026 жылы судың «қара нарығын» жою жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын Үкімет Аппаратына енгізу тапсырылды.
Мәселе күрделі. Сондықтан көктемгі егін маусымына дейін облыс әкімдері гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Бұдан бөлек, дихандар лимитті шеттеп өтпеуі тиіс.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Бір шаруашылықта біз 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектар артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандардың шығындары болса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Бұны халыққа ашық, үзілді-кесілді айту керек.
Судың да сұрауы бар. Келер жылы оның өтемі ауыр болайын деп тұр. Енді оңды-солды суды ысырап етуге болмайды. Себебі тапшылық табандап тұрып еккен егініңізді күйретіп кетуі бек мүмкін.