$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы облысы шетелдік инвестициялар санын арттыруды көздеп отыр

09.12.2025ж. 19:00
Алматы облысы шетелдік инвестициялар санын арттыруды көздеп отыр

Алматыда көршілес елдерден келген 300-ден астам бизнес-қоғамдастық өкілдері «Алатау Инвестмент» форумында бас қосты. Негізгі мақсат – облысқа шетелдік инвесторларды тарту.

«Alatau Investment Forum» - аймақтағы ең ірі маңызды іс-шаралардың бірі. Бүгінгі жиында индустриялық, агроөнеркәсіптік,  логистикалық және туристік бағыттардағы жаңа бастамалар көпшілікке таныстырылды. Қатысушыларға бос жер телімдері, дайын инфрақұрылым, экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту мүмкіндіктері және инвесторлардың нарыққа кіруін әлдеқайда жеңілдететін құралдар ұсынылды. «Бүгінгі таңда 72 жоба шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылуда. Олардың жиынтық құны 3,9 триллион теңгеге жетеді», - дейді облыс  әкімі.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өңірдің инфрақұрылымдық әлеуеті артып, жаңа индустриялық аймақтар мен логистикалық хабтар құрылуда. Қолдау мақсатында біздің тараптан ұсынылатын басты мүмкіндіктер ол – заманауи индустриялық аймақтар, қайта өңдеу, логистика, денсаулық сақтау және агро сектордағы жобалар. Инвесторлардың барлық мәселелері әкімдіктің тікелей назарында болады.

Қатысушылардың айтуынша, Алматы облысы – шетелдік инвесторлар қызыға қарайтын ерекше аймақ. Себебі, бұл өңір территориялық жағынан ең ыңғайлы жерде орналасқан әрі халық саны 1 жарым миллионнан асады.

АҚЖОЛ ИСАҚОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӨҢІРЛІК ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Осы форумда бізде 750 миллиардтан астам теңге құрайтын меморандумдарға қол қойылады. Ауылшаруашылық және де дәнді дақылдарды толық өңдеп шығаратын және де логистикалық проектілер бар. Жаңа энергетика бойынша проектілер бар.

Айта кетейік, аталмыш форумда Алматы облысының экономикалық әлеуетіне деген сенімнің жоғары деңгейін айқындайтын 16 меморандумға қол қойылды. Келісімге сай өңірде Лэд экрандар өндірісін құру, трактор шығаратын зауыт салу сынды жоспарлар  бекітілді.