Бауырлас елдер арасындағы тілдік кедергіні жою үшін ортақ әліпбиді бекітіп, бірегей сөздік қорды жасақтау керек. Сонда ғана ұмыт бола бастаған тарихи жадыны қайта тірілтуге болады. Бұл келелі мәселе тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Оралда өткізілген халықаралық ғылыми конференцияда кеңінен талқыланды. Алқалы жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің және Алматы мен Астана қалаларының ғалымдары қатысты.
Тарихы жоқ елдің тамыры жоқ. Сондықтан ұлт тарихын түгендеп, тарихи сананы қалыптастыру жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс.
БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:
Қазақ халқы қазақ хандығының құрылуымен бірге пайда болды. Ал қазақ хандығы Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде, оның сол қанатының мұрагері ретінде пайда болған мемлекеттік құрылым. Сондықтан да Алтын Орданың заңды екі-үш мұрагері болса, ол - Қырым хандығы, ол - Қазақ хандығы және ол Қазан хандығы.
Түркілік тіл мен дүниетанымды біркелкі қылып, жан-жақты зерттеу керек. Сонда ғана түркілер тағы да әлемдік тарихтың орталығынан табылады.
ӘБДІУАҚАП ҚАРА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, МИМАР СИНАН КӨРКЕМ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ (ТҮРКИЯ):
Бүгінгі таңда біздің істейтініміз - әрбір жаңа ұғымға, әрбір жаңа технологияға ат беретін уақытта тіл ғалымдары бірігіп, осындай қандай ат қойсақ деген шарада жұмыс істеу керек.
Бұған дейін түркі елдерінің ортақ әліпбиі жасалған еді. Кейін бұл жетілдіріліп, былтыр бекітілді. Енді әліпби латынға ауысса, арадағы түсініспестік азая түспек. Сонда іргедегі өзбек пен қырғыз ғана емес, түркітілді елдердің арасындағы тілдік кедергі жойылмак.
МҰРАТ САБЫР, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР (ҚАЗАҚСТАН):
Ортақ сөздік қор барлық түрік тілінде бар. Сөйле, айт, де, гәпір, қоншыма дегеннің бәрі бір сөз ғой. Осының ішіндегі "сөйле" деген сөз бүкіл түркі халықтарында бар екен. Сонда ортақ сөздік шығару керек, көрдің бе, ортақ сөздік қорын? Сонда біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың заманында біз түркі халықтары бір-бірімізді жақсы түсінгенбіз. Қазір мына кирилл әліппбиінің кесірінен біз бір-бірімізден ажырап қалдық.
Түркі тілдес мемлекеттер ұйымының шешімімен - биыл мұнайлы Маңғыстаудың орталығы Ақтау қаласы "Түркі әлемінің мәдени астанасы" атанды. Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін жыл бойы түркі әлеміндегі өнер мен әдебиет фестивальдері, түрлі байқаулар өткізілді. Бүгінгі жиын да соның заңды жалғасы.