Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Отқа оранған көліктердің иелері шығынымыз өтелмей қала ма деп алаңдайды

AstanaTV
14.12.2017ж. 20:00
3026
Отқа оранған көліктердің иелері шығынымыз өтелмей қала ма деп алаңдайды

Алматы облысында бір түнде 12 көлік жанып кетті. Техникалық жөндеу орталығына жеткізген темір тұлпарлардың тек қаңқасы қалған. Енді иелері кінәліні іздеп әлек. Қаскелең кентіндегі алапат өрт осылайша талай жанды жаяу қалдырды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Ал көліктері өртенген тұрғындар материалдық шығынды қайтіп өндірерін білмейді. Олжас Нұржақып тарқатады.

Олжас Нұржақып, тілші:

Төтенше жағдай кеше кешкі сағат сегіздер шамасында орын алған. 20 жылдан бері тұрақты қызмет көрсетіп отырған орталықта сол уақытта 12 көлік болыпты. Санаулы уақыттар аралығында қызыл жалын жалмаған орталықта қазір темір-терсекке айналған көлік қаңқалары ғана қалыпты.

Жалын жалмаған көліктердің бірінің иесі - Сәкен Тәжібаев. Жүк салғышы істен шығып, бір жарым ай бұрын жөндеуге осында әкелген. Дайын болған көлігін енді алып кетемін дегенде келеңсіз жағдай орын алып отыр. Адам танымастай күйге түскен машинамды қалай қалпына келтіремін, - деп налиды төрт баланың әкесі 

Сәкен Тәжібаев, көлік иесі:

Бүгін таңертең алып кетуім керек еді. Келген ем ғой таңертең. Шокка түсіп қалдым. Не істеймін? Қайда баратынымды білмей қалдым. Таксовать етіп, 1-2 сом ақша тауып жүрген едік қой.

5-ші желтоқсан күні көлігін жөндетуге алып келген Түгелбай аға да жыларман күйде. Көлігімнен бұлайша айырылып қалам деп еш ойламаған едім дейді.

Түгелбай Досжанов, көлік иесі:

Бүгін таңертең қоңырау шалып тұр. "Келіп кетіңіз срочно, жұмыс шығып тұр" деді. Келсем, осындай жағдай. Машина жоқ, өртеніп кеткен. Жүрген аяғым еді ғой осы машина. Машинасыз күніміз жоқ қой қазір.

Тілсіз жаудың құрбанына айналған көлігін жоқтаған тұрғындар техникалық жөндеу орталығы басшысын шақыртқан. Бірақ, одан мардымды жауап ала алмады.

Түс ауа аздап сабасына түскен орталық басшысы тілшілер сұрағына жауап қатты. Тергеу жұмыстары аяқталса, көлік иелеріне көмек береміз дегендей сыңай танытты.

Мамед Ахмедов, техникалық жөндеу орталығының иесі:

Тергеу нәтижесі көрсетеді бәрін. Аяқталған соң кімге қалай көмек көрсету керектігін көрерміз. Өткен жылы сақтандыру шарты болған. Биыл уақыты өтіп кеткендіктен, елемеп едік, осындай жағдай болып отыр. Енді бәрін өз қалтамыздан жөндеуге тура келеді.

Облыстық ТЖД өкілдері өрт туралы дер кезінде хабар алмадық деп отыр. Қоңырау түсе салысымен төрт минутта жеткен. Бірақ бәрі де кеш еді.

Азамат Жортбаев, Алматы облысы ТЖД ресми өкілі:

15 адам және 4 техника бірлігі жұмыс істеді. Және Алматы қаласы ТЖД 6 адам 2 техника жұмыс жасады. Жанған оттың көлемі 350 шаршы метрді құрады. Өрт 1 сағатта ауыздықталып, 22.45-те толығымен сөндірілді. Әзірше неден шыққаны белгісіз.

Қазір бұл жайтке қатысты тергеу жүріп жатыр. Сараптама нәтижесі өрттің неден шыққанын анықтауы тиіс. Ал көлік иелері "кінәлілер шығынды өтемесе, сотқа жүгінеміз" деп отыр.

Олжас Нұржақып