$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада «Құндылық. Тұлға. Болашақ» халықаралық педагогикалық форум басталды

AstanaTV
09.12.2025ж. 19:00
Астанада «Құндылық. Тұлға. Болашақ» халықаралық педагогикалық форум басталды

Мектеп тек білім беретін орын емес, сонымен қатар жас ұрпақты саналы тәрбиеге баулитын орта. Сондықтан білім ошақтарында  адами құндылықтар кеңінен дәріптелуі керек. Бүгін Астанада «ҚҰНДЫЛЫҚ. ТҰЛҒА. БОЛАШАҚ» халықаралық педагогикалық форумы басталды. Оған жиналғандар баршаға ортақ бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді талқылауда.

Халықаралық шараға Тәжікстаннан келген химия пәнінің мұғалімі Азимджон Муллоев оқу-тәрбие үдерісіндегі өзіндік тәжірибесімен бөлісті. Ол бала тәрбиесіне қатысты күрделі мәселелерді және педагогтарға қажет құндылықтарды тізбектеп айтты. Әсіресе,    буллинг мәселесін кеңінен қозғады. Бұл өзекті проблема  елінде қалай шешіліп жатқанын айтып, әріптестерімен ой бөлісті.

АЗИМДЖОН МУЛЛОЕВ, ХИМИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ (ТӘЖІКСТАН):

Заманауи мәселелер заманауи шешімдерді талап етеді. Мен бүгінгі форумда бір оқушының мәселесін, "Батыл жүрек" мульфильмі арқылы қалай шешкенімді түсіндіріп бердім. Құндылық мәселелерін біз оқу бағдарламасында жиі талқылаймыз. Тәжікістандық оқу бағдарламасында бұндай түйткілді мем, стикер, мультфильм сияқты заманауи бағдарламаларды қолдану арқылы шешеміз.

Ашық талқылау алаңына жиналған мың жарымға жуық ұстаз, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды әр пәннің мазмұнына кіріктіріп оқытудың маңызын айрықша атап өтті. Педагогтардың ортақ пікірі мынадай – мұғалімнің міндеті тек білім берумен шектелмейді, сонымен бірге кемел тұлғаны тәрбиелеу және болашаққа бағыт сілтеу болып табылады дейді. Бұл ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 000-нан астам педагог онлайн форматта қосылуда. Форум жұмысына Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Татарстаннан келген белді сарапшылар мен спикерлердің қатысуы тәжірибе алмасудың ауқымын кеңейтіп, оның халықаралық мәртебесін бекіте түседі.

СЫНДАР ДӘУЕШОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің бірнеше мұғалімдер осыны оқып, пәнге тәрбиені қалай кіргізуіміз керек, яғни баланың бойына тек қана білім ғана берілмеу керек сонымен қатар құндылықта берілу керектігін жоспарларына енгізіп соны бөлісіп жатыр.

Шара Астана қаласы әкімдігі, қалалық білім басқармасы және  Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр. Бұл жоба құндылықты негізге алып, болашақ түлектердің тұлға болып қалыптасуына түрткі болатын тақырыптарды тереңінен тарқатпақ.