$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мектеп асханалары жоспарсыз тексерілуі мүмкін

10.12.2025ж. 12:20
Мектеп асханалары жоспарсыз тексерілуі мүмкін
фото: pixabay

Депутаттар ұсыныс енгізді 

Білім беру ұйымдарына ескертпей барып,  аяқ астынан тексеріс жасауға болады.  Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Бұл жерде біз бір ұсыныс енгіздік. Енді мектептің асханасын тексергенде, білім беру ұйымдарында балаларға қатысты басқа да тексеріс жүргізгенде, бұрынғыдай бір жыл бұрын «мен келемін» деп сүйіншілеп, оны арнайы тіркеп, ескертіп жатпайды. Қажет уақытта аяқасты тексеруге мүмкіндік алады. Бұл маңызды. Өйткені сен алдын ала тексеремін деп ескертсең, олар дайындалып қояды ғой. Сондықтан осындай шешім қабылдадық», - деді Аймағамбетов.

Бірақ депутаттың айтуынша, кенеттен болған тексеріс кезінде анықталған кемшіліктер үшін айыппұл салынбайды.

«Өйткені тексерістің мағынасы қандай? Кемшіліктерді анықтау және оны жою үшін нақты ұсыныстар беру. Сондықтан бірінші кезекте аяқ астынан барып тексереді, бірақ сол тексерістің нәтижесінде олқылықтар анықталса, оған бірден айыппұл салмайды. Алдымен тиісті ұсыныстарын береді. Егер содан кейін берген ұсыныстары бойынша шара қабылданбаса ғана жауапкершілік болады. Менің ойымша, бұл өте әділ шешім», - деп санайды мәжілісмен.