Елде қару иелері мен күзет ұйымдарына талап күшейеді. Мәжіліс жаңа заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Енді бұл сала мемлекет бақылауында болады. Бұдан бұлай қаруы бар заңды тұлғалар қызметі тоқтатылған жағдайда, құралды 10 жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына өткізіп, сол жерде сақтауы тиіс. Ал жеке күзет ұйымдары уәкілетті органға тұрақты түрде есеп беруге міндетті. Тіпті, филиал басшылары қарапайым қарауылдармен теңестіріліп, соларға қойылатын талаптарға сай болуы керек. Сондай-ақ нормаға "әскери теміржол күзеті" деген ұғым енгізілді.
МАГЕРРАМ МАГЕРРАМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Әскерилендірілген теміржол күзеті қызметінің негізгі мақсаты — транзиттік теміржол жүк тасымалдарына тартылған терминалдар аумақтарында жүктерді және теміржол көлігі объектілерін үздіксіз күзетуді қамтамасыз ету. Сонымен бірге, заң жобасын сапалы жақсартқан редакциялық сипаттағы және нақтылау сипатындағы басқа да түзетулер бар.