$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Аяздың беті қашан қайтады?

AstanaTV
10.12.2025ж. 19:00
Аяздың беті қашан қайтады?

Қыс қаһарына мінді. Сақылдаған сары аяз біраз өңірді әбігерге салуда. Астана, Қостанай, Павлодарда мектеп оқушылары сабақты бүгін онлайн оқыды. Ал Алматыда қалың қар жауып, қозғалыс қиындады. Әуе рейстері кешікті. Синоптиктер биыл қыс жылы болады деп еді, сары аяз қашанға дейін жалғасады? Мамандар не дейді, өңірлердегі ахуал қалай? Тілшілеріміз баяндауға дайын. 

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Бірер күн бұрын ғана қар жоқ, қыс кешігіп жатыр деп едік. Әп-сәтте қарға қарық болып қалдық. Қар жауды деп қуанба, артынан келер аязы деген емес пе, дәл қазір Астананы аяз буып тұр. Ауа райы - 18 градус. Түнгі уақытта -26 градусқа дейін барады. Бүгін бірінші ауысымдағы 9 сыныпқа дейінгі оқушылар, ал екінші ауысымда бастауыш балалары онлайн оқыды.

Еліміздің біраз бөлігінде қыс қаһарына мінді.  Тек солтүстік өңірлер емес, жылы аймақтарда да қолайсыз ауа райы жұртты әбігерге салуда.

АБЗАЛ ИЛЬЯС, “ҚАЗАВТОЖОЛ” ҰК” БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ:

Абай, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау облыстары. 12 жол учаскісіне жалпы шектеу қойылды. 770 арнайы техника, 1900-ге жуық жол маманы жұмыс жасауда.

Ал Алматы қалың қар жауып, әуе рейстері кешігіп, көшелерде кептеліс туындады.  Қардың қалыңдығы 35 сантиметрге жетіп, айлық норманың жартысына жуықтаған.  

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты Алматыда жол ахуалы күрделене түсті. Кешкі 8-ден бүгінгі таңғы 6-ға дейін 58 жол көлік оқиғасы орын алды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бірақ 9 адам жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Қазгидромет елордада алдағы күндері ауа райы айтарлықтай жылитынын айтады.  Қазір  қала көшелері қардан тазартылуда. Коммуналдық қызмет кұшейтілген режимге көшті.  Өзгеріс, Павлодарда ауа райы қалай?

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Айғаным, бізде де қыс қаһарына мінді.  Кешелі бері соққан қарлы боран жұртты әбірге салды. Бір күнде бір айдың нормасы бір-ақ түскен. Сол себепті коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті.

Тереңкөл ауданында боран салдарынан екі адам жоғалып кетті. Төтенше жағдай мамандары оларды жазық даладан тапқан. Көліктің жанармайы таусылып, айдалада қалыпты.

АСҚАРБЕК ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Сағат 01-40-та жоғалған адамдар Фрументьевка ауылынан 18 шақырым қашықтықтағы қырда табылды. Ер адамдарға медицианлық көмек қажет болмады.

 

Қала көшелерін қардан аршуға  300-ден астам техника мен 300 жұмысшы шығарылды.  Алдымен қаланың орталық көшелері мен мектеп, балабақша, емхана, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарға барар жолдар тазартылды.

МАҚПАЛ ҚАРЖАУБАЙ. ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Басымдық көлік қозғалысы қарқынды жолдарда, автобус бағыттары өтетін көшелер мен аялдамалар, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға баратын жолдар мен ауал кіреберістеріне берілуде. Көп қабатты үйлердің аула ішілік аумақтарында да жұмыстар жүргізілуде. ТҮКШ бөліміне тәулік бойы жалғастыру тапсырылды.

Қалың қардың соңы аязға ұласты. Бүгін ауа температурасы – 25 градусқа жетті. Сол себепті бізде де 9-сыныпқа дейінгілер  қашықтықтан оқуға ауыстырылды. 

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Синоптиктер жұмаға қарай аяздың беті қайтады деп отыр.  Бірақ,  қар жауып, боран соғуы ықтимал.  Сол себепті төтенше жағдай мамандары тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Абзал, сөз сенде.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Рахмет, Өзгеріс!  Әдетте қазанның ортасынан бастап қар басатын Қызылжарда  желтоқсанның басына дейін ауа температурасы   қолайлы болды. Бірақ,  аймақта жедел респираторлық вирус көбейді. Әсіресе оқушылар жаппай науқастанып жатыр. Осыған байланысты облыс орталығындағы 3 мектеп қашықтықтан оқыту жүйесіне ауыстырылды.

АЙНАШ САҒАНДЫҚОВА, СҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Осы эпидемиологиялық маусымда жедел респираторлық вирустық инфекцияның 29750 жағдайы тіркелді. Науқастардың ең көп саны балалар арасында тіркелуде. Ол 68 пайызды құрайды. Және де осы эпидемиологиялық маусымда тұмаудың 124 жағдайы тіркелді. Оның 100 жағдайы ересектер арасында, 14 жағдайы балалар арасында тіркелді.

Қызылжарға аяз келді. Сынап бағанасы минус 25 градусқа дейін түсті. Жұрт бұған қуанып жатыр.

БЛИЦ:

- Күннің суытқаны бізге жақсы. Өйткені біз солтүстік өңірде тұрып жатырмыз ғой. Қар болғаны да жақсы. Өйткені егін болады. Аурулар да азаяды. Барлық аурулардың болуы жылумен байланысты ғой.

- Солтүстіктің суығын аңсадық қой. Кішкене салқындау керек. Бірақ қар аздау. Қара суықтан жер жарылып кетеді де, влаганың барлығы жердің астына кетіп қояма деп қорқамыз.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жалпы синоптиктер биыл қыс жылы болады деп болжайды. Ал, қар  қалыпты нормаға сай жауатынын айтып отыр.