$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Түрмеден шыққандар таксист болып жүр

AstanaTV
10.12.2025ж. 19:00
Түрмеден шыққандар таксист болып жүр

Такси жүргізушілері түрмедегі оқиғаларды айтып, жұртты шошытып жүр. Желіде психологиялық қысымға ұшырағандар жарыса жазуда. Бұрын сотталғандар жолаушы қалай тасымалдауда? Таксидегі қауіпсіздік қалай қадағаланады? Тілшіміз тарқатады.

Айжан такси қызметіне жиі жүгінеді. Жақында танымал платформа арқылы шақырған такси жүргізушісі жол бойы түрмедегі оқиғасын айтып, психологиялық қысым көрсеткен.

АЙЖАН ЕРМЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Түрмеде отырдым қасымда неше түрлі адамдар отырды деп мақтанып айтқандай болды. Шығып кетейін десем, есік, терезе бекітулі. Амал жоқ тыңдап отыра бердім. Қасымда кішкентай балам маған қарап қорықтық.

Үрейленіп қалған жалғыз Айжан емес. Желіні ашып қалсаң, таксистің тұрпайы әңгімесін амалсыз тыңдадық деп жарыса жазып жатқандар жетерлік.

БЛИЦ:

- Жүргізуші інімнен "Қайда оқисың?", "Қайда тұрасың?" деп сұрай бастайды. Артынан тіпті «Мен кісі өлтіргенім үшін түрмеде отырғанмын» деп айтыпты. Інім, әрине, қорқып қалған. Бірақ бұдан да жаманы жүргізуші бағытты өзгертіп, «басқа жолмен барамын» дейді. Шамамен сағат түнгі 2. Айналада ешкім жоқ. Қараусыз, адам жоқ жерге барып, көлікті тоқтатып алып, жай ғана отырып алған.

- Жүргізуші жол бойы түрлі қорқынышты әңгімелер айтып отырды. Өзі түрмеде отырғанын айтты. Тіпті «біреуді өлтіріп қойсам, маған ештеңе болмайды, тағы да отырып, қайта шығамын» деді. Қызыммен бірге қатты қорықтым. Оның үстіне айналма жолмен апарды.

Таксиге тіркелу түк қиын емес. Небәрі 20 минут уақытыңды алады. Арнайы қосымшаға құжаттарыңды жүктесеңіз болғаны.

МАКСИМ БАРЫШНИКОВ, "К1" ТАКСОПАРК ДИРЕКТОРЫ:

Біз жүргізушілерді жұмысқа алмас бұрын барлық қажетті анықтамалар мен құжаттарды міндетті түрде жинаймыз. Сонымен қатар ықтимал тәуекелдер мен күтпеген жағдайларға қатысты анықтамалар да ескеріледі. Егер адам көлік құралын басқаруға рұқсат алса,  жеке тұлғалар үшін қосымша онлайн тіркеу қажет болмайды. Ал біздегі ережелерде бұл басқаша қарастырылған.

Қазір көлігі барлардың барлығы таксист бола алатыны түсінікті. Ал жүргізушінің бұрын сотты болмағанын ешкім талап ете алмайды. Өйткені...

НҰРСҰЛТАН ОРЫНБЕК, ЗАҢГЕР:

Оларды соттылығы болғаны үшін ғана такси қызметінен шеттететін болсақ ол азаматтардың Конституциялық құқығын шектеу болады. Жазасын өтегендер болсын тіпті пробацияда жүргендердің өздері белгілі бір уақытта жұмыс жасай алады.

Құқығын шектемейміз деп жүріп, қоғамға кесірін тигізіп алмасақ болғаны. Қауіпсіздігіңізді ойласаңыз, такси шақырғанда жүргізушінің рейтингін, пікірлерін, сондай-ақ көлік туралы мәліметті алдын ала тексеріп алған абзал.