Алматыда «Заң мен тәртіп – зорлық-зомбылықсыз қоғамның берік негізі» атты конференция өтті. Шараның басты мақсаты – гендерлік озбырлықтың алдын алу, қатігездікке қарсы тұрақты қоғамдық иммунитет қалыптастыру.
Қауіпсіздік қағидаттарын нығайтуға арналған іс-шараға қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық полиция департаментінің өкілдері мен студенттер қатысты. Бұған дейін зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік акция өткізілген болатын. Бүгінгі жиында осы бойынша есеп берілді.
ДИДАР ДІЛДӘБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
24 сағат бізде желі жұмыс жасап тұрды. Ол желілер 400-ден астам осы Алматы қаласындағы әйел адамдардың отбасылық, тек қана әйел адамдар ғана емес, жасөспірімдер арасында да, мектептер арасында болып жатқан мәселелерге байланысты жеке сұрақтар туындады. Осы 10 ай көлемінде жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін лекциялар ұйымдастырылды, мастер класстар ұйымдастырылды.
Конференцияда адам құқықтарын қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекет пен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру жайында талқы жүргізілді.
ЖАНАДДИН ӘБДІМОМЫНОВ, АЛАТАУ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Полиция тарапынан профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Жұмыс барысында есепте тұрған, сондай-ақ қорғау нұсқамасы шығарылған адамдар тексерілді. Сонымен қатар сот арнайы шарттар белгілеп, осы тұлғалардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша да тексерулер жүргізілді. Рейд барысында бірқатар құқықбұзушылық фактілері анықталып, азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Зорлық-зомбылықсыз қоғам құру мақсатында жетістікке жеткен көшбасшы әйелдер жастарға арнап 8 шеберлік сағатын өткізіп, 700-ге жуық адам қатысқан. Ал, фронт-офисте жүргізілген қабылдаулар 12 желтоқсанға дейін жалғасады.