Жеке деректерге қол жеткізу ережесі қатаңдатылуы мүмкін
Қазақстанда мемлекеттік сервистерге кіру үшін 1414-тен келетін бір реттік SMS-кодтар енді қолданылмайды,-деп хабарлайды Astana TV.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Бас прокуратура бұл қадамды интернет-алаяқтықтан қорғау үшін енгізді. 1414 арқылы келген кодтар азаматтардың жеке деректерін ұрлауға пайдаланылған жағдайлар жиілеген.
“Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін кейбір мемлекеттік ақпараттық ресурс пен сервиске бір реттік код арқылы кіру мүмкіндігі болған. Бұл тәсілді алаяқтар өз пайдасына қолдануы ықтимал еді. Олар ықтимал жәбірленушінің телефон нөміріне 1414 қысқа нөмірінен SMS-хабарлама жіберіп, жеке деректеріне қол жеткізе алуы мүмкін”, - делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі таратқан хабарламада.
Енді мемлекеттік ақпараттық жүйелерге кіру тек:
-Биометриялық растау:
-ЭЦҚ;
-eGov QR-коды арқылы жүзеге асады.
Министрлік 1414-тен келген кодтың несие рәсімдеуге қатысы жоқ екенін ескертеді. Бұл алаяқтардың азаматтарды алдау үшін қолданатын айласы.