$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жолда қалған 15 жолаушы құтқарылды

11.12.2025ж. 08:19
Жолда қалған 15 жолаушы құтқарылды
Фото: inbusiness.kz

Қарағанды облысында патрульдік полицейлер аязды күні жолда қалған 15 жолаушыны құтқарды.

Тәртіп сақшылары Ұлан Мұзапаров пен Евгений Кротенко Қарағанды – Шідерті республикалық автожолының 1007-шақырымында кезекшілік ету барысында Шымкенттен Ресей Федерациясы қарай шыққан Van Hool автобусының тоқтап тұрғанын байқаған. Сол уақытта ауа температурасы -25°C-қа дейін төмендеп, автобустың дизель отыны қатып қалған.

Полицейлер жағдайды тез бағалап, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруді бастады. 15 жолаушы мен 2 жүргізуші Майөзек ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Қазіргі уақытта бәрінің жағдайы жақсы.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздік белгілерін орнатып, арнайы қызметтерге хабар береді.

Полиция қысқы маусымда ұзақ жолға шығарда ауа райын және көліктің техникалық дайындығын алдын ала тексеру қажеттігін ескертеді.