Абай облысы бойынша Қаржылық мониторинг департаменті «Dala SK Construction» компаниясы мен оған байланысы бар ұйымдардың басшылығына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Astana TV.
“Компания басшылары екі жыл бойы ешқандай рұқсат беру құжаттарынсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз және авторлық қадағалаусыз құрылыс жұмыстарын жүргізген. Инвестор тарту үшін арзан пәтерлер мен пайызсыз бөліп төлеу ұсынылған жарнамалар интернетке кеңінен орналастырылған”- деп мәлімдеді ҚМА.
Алайда жоспарланған алты көпқабатты үйдің орнына тек бір мұнараның іргетасы ғана құйылған. Тергеу барысында компания басшылығы 64 азаматпен жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын жалған келісімшарттар жасағаны анықталды. Үлескерлердің мүддесін қорғау мақсатында күдіктілерден 2 пәтер, 10 жер учаскесі, 6 автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.