$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге күш саламыз» - Иран Президенті

11.12.2025ж. 13:31
«Өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге күш саламыз» - Иран Президенті
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Иран президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, деп хабарлайды Astana TV.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Каспий аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде Иранмен ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

– Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Парламентаралық байланыс жолға қойылды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты, елуден астам келісім жасалды. Халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастығымыз жалғасып жатыр. Бұл дәстүрлі достық пен әріптестігіміздің айқын дәлелі екені сөзсіз, – деді Президент.

Масуд Пезешкиан иран-қазақ қатынастары тереңнен тамыр тартатынына тоқталды.

– Екі ел арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Үкіметаралық, ведомствоаралық ықпалдастық жолға қойылған. Көптеген халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша қос мемлекеттің ұстанымы ұқсас. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында тығыз әрекет етеміз. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту – ортақ міндет. Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласқан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасалған еркін сауда келісімі екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге берік негіз қалайды, – деді Иран Президенті.