Қазақстан Президенті Иран Ислам Республикасын халықаралық деңгейде беделі зор мемлекет әрі еліміздің Орта Шығыстағы сенімді серіктесі ретінде атады, деп хабарлайды Astana TV.
– Бауырлас қос халықтың тарихы – тамырлас, салт-дәстүрі және мәдениеті – ұқсас. Қазақстан мен Иран халықтарының тарихы – тамырлас, салт-дәстүрі мен мәдениеті – ұқсас. Қолымда бірқатар тарихи деректер бар. Мысалы, Ұлы Жібек жолы қазіргі Қазақстан мен Иран даласы арқылы өткен. Ұлы Жібек жолы технологияның, діннің таралуына, сондай-ақ мәдени-рухани қатынастың тереңдеуіне ықпал етті. Иран мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған. Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел өкілдері Мәскеуде кездесіп, Иран елшісі қазақ даласына сапармен келді деген тарихи мәліметтер бар екен. Әбілқайыр хан Нәдір шахқа елші жіберіп, байланысты дамытуға ниет білдірген. Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіндегі Тайқазан Иран шебері Әбделазиз Шарафуддин Тебризидің шеберханасында жасалған. Қазақ тілінде парсы сөздері көп. Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі 4 пайыз деп санайды. Олардың арасында: астана, пайда, көрпе, дәурен, дәрі, дәрумен, аула, ораза және тағы басқа сөздер бар. Бүгінде Иранның солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының Горган, Бандар-Түрікмен және Күмбед-Кавус қалаларында 5 мыңнан астам қазақтар тұрады. Фирдоусидың «Шахнамасы» мен оның кейіпкерлері Тұран халықтарына да жақын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Фирдоуси, Хафез, Саади сияқты парсы шайырларының шығармаларымен таныс болған. Иран делегациясы әкелген көне қолжазбалардың көшірмелері XVІІI ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне арналған. Ұсынылған 27 қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, аймақтағы бәсекелестік, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Өте қызықты деректер бар, Сізге көп рақмет, Президент мырза, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ халқы парсы жұртын ежелгі өркениеттің заңды мұрагері ретінде жақсы білетінін жеткізді.
– Елдеріңіз Таяу Шығыс пен Еуразияны жалғап тұр. Соңғы жылдары Иранның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті артып келеді. Бұл Сіздің және Иран басшылығының қажырлы еңбегі мен салиқалы саясатының нәтижесі деп білеміз. Қазақстан Иранның жетістіктеріне әрдайым қуанады, болашағының жарқын болуын тілейді. Халықтарымыздың ынтымағын бекемдей түсу және табыстарын еселеу – біздің ортақ мақсатымыз. Қазіргідей алмағайып заманда күш біріктірудің маңызы зор екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.