Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін және Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржол бағытын дамытудың мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды Astana TV.
Президенттің айтуынша, екі ел арасында көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мол мүмкіндік бар.
– Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін және Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытын дамытудың мән-маңызы ерекше. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін маңызды жоба. Қазақстан теміржолдарды жаңғырту, көлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы өтетін кеме қатынасын жандандыру жұмысын қолға алды. Иран инвесторларын осы бастамаларға атсалысуға шақырдық. Қызығушылық білдірген жеке сектор өкілдеріне арнайы ұсыныстар дайындап, қолайлы жағдай жасауға әзірміз. Біз Иранды Оңтүстік Шығыс Азияға және Африка құрлығына шығатын «қақпа» ретінде қарастырамыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Иран басшылығына Бандар-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға жер телімін бергені үшін шынайы ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам екі ел ықпалдастығын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өңіраралық байланыстар өзара ынтымақтастығымызға тың серпін беруге тиіс деп санайды.
– Қазір Қазақстанның бірқатар облысы мен Иранның провинциялары арасында серіктестік қатынас орнаған. Біз Иран кәсіпкерлерінің Маңғыстау облысы аумағында бірлескен еркін экономикалық аймақ құру туралы ұсынысын құптаймыз. Бұл қадам Қазақстанда Иран шикізатынан дайын өнім жасауға, оны аймақ елдеріне таратуға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл шаруашылығын ынтымақтастықтың маңызды саласының бірі ретінде атап өтті.
– Қазақстан Иран нарығына астық және басқа да дәнді-дақыл тасымалдайды. Мысалы, былтыр 500 мыңнан астам тонна арпа жеткіздік. Оның көлемін бірнеше есе көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Осы мәселені Масуд Пезешкиан мырзамен жан-жақты талқыладық. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыруға және өңдеу өнеркәсібін өркендетуге баса мән беріп отыр. Бұл ретте су ресурстарын тиімді пайдалану, осы салаға жаңа технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы жерлерін басқарудың заманауи әдістерін қолдану үшін өзара тәжірибе алмасуға келістік, – деді Мемлекет басшысы.
Тараптар келіссөздер барысында ақпараттық технологияларды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөліп, заман талабына сай ІТ шешімдер қабылдау және ғылыми ізденісті тереңдету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.