Өзбекстан азаматы бауырына іздеу салады. Мамаджанов Халижонның айтуынша 45 жастағы інісі Арал ауданына қарасты «Қарабұтақ-Қызылорда» тас жолының бойында белгісіз бағытқа жоғалып кеткен. Жүк көлігін жүргізетін інісі мен достарына алыс сапарда көмекші болып жүрген. 10 қазан күні жүргізушіге тамақтанатын орынға тоқтауын өтінген екен. Артынша оны таппай қалған. Содан бері 2 айдан аса уақыт өтсе де Мамаджанов Фарходжаннан еш хабар жоқ. Ағасы оның Қазақстанда ешкімді танымайтынын айтады. Тіпті қалың киімдері мен құжаттары, қалта телефоны да көлікте қалған.
ХАЛИЖОН МАМАДЖАНОВ, ӨЗБЕКСТАН АЗАМАТЫ:
Осы сапарда ол жүйке жүйесі сыр беріп түсініксіз әңгіме айта бастаған. Сондықтан оны Өзбекстанға шұғыл қайтарған едік. Алайда көз жазып қалдық. Мүмкін сол маңдағы ауылдардың бірінде біреу жұмыс істетіп ұстап отыр ма деп де ойлаймыз. Байланыс нөмірлерімізді, аты-жөнін, қайдан екенін ұмытып та қалуы мүмкін. Ата-анамыз үйде жылап, асыға күтіп отыр.
Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша полицейлер іздеу жұмыстарын жүргізуде.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Арал аудандық Полция басқармасына қылмыстық іс тіркеліп, Өзбекстан Республикасының азаматы 18.06.1980 жылы туылған Мамаджанов Фарходжон Махмаджоновичтің жүрген жерін анықтап табу мақсатында іздестіру жұмыстары жүргізілуде.