Шымкент қаласының экономикасы 10 айда 15 пайызға өсті. Шырайлы шаһарда тағы 2 өндірістік аймақ құрылады. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты. Жалпы, мегаполистің агломерациясын дамыту жайында да жоспар құрылып, іске асырыла бастады. Бастысы, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстың ауқымы артпақ.
2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 13 мың жұмыс орны құрылған. Бірақ, қала мұнымен тоқтамайды. Алдағы жоспар ауқымды. Шымкент әркез шағын және орта бизнестің отаны болған. Осы салада 250 мың адам жұмыс істейді. Ал, қала экономикасындағы өндіріс көлемі 41 пайыздан 58-ге жеткен.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жаңа бастамаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған аумағы 45 мың шаршы метр құрайтын 3 шағын өндірістік алаңды құру жұмыстары аяқталуда. Бұл өндіріс алаңдарында 50 астам шағын өндіріс кәсіпорындары ашылып, 300 астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады.
Мегаполис тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Сондықтан, құрылыс қарқыны да ерекше. Сәйкесінше, күн санап дамып келе жатқан қаланың инфрақұрылымында күрделі өзгеріс қолға алынды.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Биыл 3808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарына 1523 пәтер сатып алыну көзделуде. Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен отбасыларға 388 тұрғын үй сертификаттары берілді.
Айта кетейік, дәстүрлі білім беруден басқа салаларда да жасанды интеллект қолданылып жатыр. Атап айтсақ, жол қозғалысы, медицинада оң өзгерістер бар.