Петропавл қаласының іргесіндегі Бескөл ауылында 14 отбасы тұратын екіқабатты тұрғын үй өртенді. Апат кезінде үйде бір бала ғана болған. Ал қалған тұрғындар жұмыста болған көрінеді. Жергілікті билік оларға уақытша пана ұсынды. Қазір шығын есептеліп жатыр. Жергілікті билік баспана жалға берілгендіктен өтемақы төленбейтінін жеткізді.
АЗАТ ИБРАЕВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз жергілікті мектептің спортзалында эвакуациялық бекет ұйымдастырып, тұрғындарға ұсындық. Алайда, ешкім келген жоқ. Тағы 2-3 күн адам келмесе, оны жабамыз. Жалпы үйдің бір ғана иесі бар. Бұл коммерциялық нысан болғандықтан біз оның шығынын өтемейміз.
ВИКТОР ВОРОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үйді қалпына келтіруге қаражатымыз жоқ. Үйдің иесі барлығын бірте-бірте жөндейтінін ескертті. Сондықтан басқа жерде пәтер жалдауға тура келеді. Енді қиын болмақ. Себебі, бұл жерде арзанырақ еді.