Жаһандық су дипломатиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың маңызы зор. Түрікменстандағы халықаралық форумда осылай деген Мемлекет басшысы Біріккен ұлттар ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Келер жылы Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Сол жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті.
Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форум аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да мемлекеттер басшыларымен бірге Бейтараптық монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Бұл кешен Түрікменстанның бейбітшілік пен жасампаздық ұстанымына бейіл екенін көрсетеді.
Содан кейін Мемлекет басшысы халықаралық форумға қатысу үшін Конгресс орталығына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Президент Сердар Бердімұхамедовті Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаушы, Шығыстың көрнекті ойшылы Мақтымқұлы Пырағы: «Тыныштық болса ел өседі, әділдік болса сенім күшейеді» деген. Ұлы данышпанның дүниені терең таныған идеялары қазіргідей алмағайып халықаралық жағдайда да өте өзекті бола түскені сөзсіз.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ашхабадтың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасы ерекше мәнге ие болғанын жеткізді. Себебі жекелеген кикілжіңдердің реттелгеніне қарамастан, әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Сонымен қатар кейбір күмәнді ережелер алға шығып, халықаралық құқықтың әлсірей бастағаны, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш тудырып отыр деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ауқымды диалогты бастауы, ірі державалардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте маңызды деп санайды. Еліміз Түрікменстан Президентінің БҰҰ бейбітшілік және бейтараптық университетін ашу жөніндегі ұсынысын қолдайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құндылықтарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді.
Президент Таяу Шығыстағы жағдай бойынша да қолдау білдірді. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындағанын айтты. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде Ауғанстанға көмек көрсетуді жалғастырмақ.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы осы бағыттағы ынтымақтастықты үйлестіретін маңызды платформаға айналды. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда Азиядағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жөніндегі кеңес маңызды рөл атқарады. Бұл форум өзінің саяси тұрғыдан өзектілігін дәлелдеді.
Жаһандық су дипломатиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың маңызы зор. Президенттің сөзінше, БҰҰ жүйесінде тек су мәселесімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді.
Каспий теңізі қазіргідей тартыла берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақстан Каспий экожүйесінің бұзылуы мен теңіздің тартылуының алдын алуға бағытталған арнайы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев барша әлемдік қоғамдастықты осы бірегей су айдынын сақтап қалу жолындағы күш-жігерімізді қолдауға шақырды.