Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағының артық бөлігін пластикалық операцияға пайдалана алмайды. Баспана мен тіс емінен кейін адамдар пластикалық операция арқылы ақша шешуге көшкен. Соңғы айда мұндай өтінімдердің саны бірден жүз есе өсіпті. Бұл шынымен медициналық қажеттіліктің күрт көбейгенін білдіре ме? Әлде, ақша шешіп алудың жаңа схемасы ма? Тақырыпты әріптесім тарқатады.
Стоматологиялық қызмет пен көз емінее өтінім қабылдау тоқтаған еді. Жұрт реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын жаппай таңдай бастады. Әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды жою мен туа біткен ақауларды түзетуге өтінім күрт артқан. Бұрын банкке пластикалық хирургияға айына бар болғаны 16 өтініш түсетін дейді мамандар.
Қыркүйекте бұл көрсеткіш 123-ке, қазанда 1 800-ден асып, қарашада 3 800-ге жеткен. Желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде жалпы бағасы 2 млрд теңгеге жуық екі мыңнан астам өтініш түскен. Яғни бұрынғы орташа көрсеткіштен 130 есе көп.
Отбасы банкінің ақпаратынша, бұл өсім халықтың медициналық қажеттілігінен емес, зейнетақы жинағын алдап алу схемасынан хабар береді.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, "ОТБАСЫ БАНКІ" АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Аталмыш мақсат бойынша пайдалану үшін өтінім қабылдау enpf-otbasy.kz платформасында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы аясында 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап тоқтатылды. Қазіргі уақытта пластикалық операциялар бойынша 6294 өтінім қаралуда. Бұл өтінімдердің барлығы қолданыстағы тәртіпке сай қаралатын болады.
Зейнетақы жинағы - болашақтағы әлеуметтік қауіпсіздік жастығы. Оны мақсатсыз шешу халықтың ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығына соққы болуы мүмкін дейді экономист.
ЖӘНІБЕК АЙҒАЗИН, ЭКОНОМИСТ:
Бұл қаражат бүгінгі қажеттілікке емес, ертеңгі күнге арналған қор. Егер зейнетақы жинағын әркім қалаған саласына бұрып, жүйені айналып өтіп алатын болса, онда зейнетақы жүйесінің өзі әлсірейді. Қазір байқалған өсім осы тәуекелдің айқын көрінісі.
Халық пікірін сараптасақ, мәселенің түп-тамыры - сенім тапшылығы. Азаматтар зейнетақы жинағының қолжетімді болуына үнемі алаңдайды, ал шектеулер енгізілген сайын, оны «жаңа жолмен» алу әрекеті көбейеді.
БЛИЦ:
- Әр адамның өз зейнетақысы жиналған. Тем более ол медицина жағынан керек зат деп ойлаймын.
- Шектеу қою дұрыс емес деп ойлаймын. Әр адамның өзінің еркі бар ғой. 3. Бермегені дұрыс сияқты. Лучше өзінде, қорда тұрғаны дұрыс шығар.
Зейнетақы жинағын тек нақты медициналық көрсеткіші бар күрделі емдерге, сирек ауруларды емдеуге және радиотерапияға қолдануға болады. Сондай-ақ бұл қаржыны баспана сатып алуға, ипотеканы өтеуге немесе Отбасы банкіндегі депозитті толықтыруға жұмсауға рұқсат етіледі.