$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жетісу облысында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылып келеді

Жетісу облысында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылып келеді

Жыл соңына дейін Жетісу облысында 500 мың тұрғыны бар 126 елдімекен табиғи газға қосылады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты. Өңірде халық игілігі үшін қолға алынған жоба көп.   

Жер жәннаты Жетісу, еліміздің ірі логистикалық хабына, яғни, тоғыз жолдың торабына айналып келеді. Қытаймен арадағы сауда-саттық дәл осы жерден басталады. Осы орайда, Достық-Мойынты теміржолының екінші жолының құрылысы өзі бір төбе. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар бағыттардағы жақсы және қанағаттандырарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Республикалық маңызы бар жолдар туралы да ауыз толтырып айтуға болады.

БЕЙБІТ ИСАБАЕВ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өткен жылы республикалық маңызы бар Талдықорған-Үшарал, Үшарал-Достық жолдары толық жаңғыртылды. Сарыөзек-Қорғас жолы биыл толығымен жөндеуден өтті. Облыстағы республикалық маңызы бар жолдар осымен 100 пайыз жөнделді.

Өңірде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқыны жоғары. 3 жылда 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.  13 мың отбасы баспаналы болды.

БЕЙБІТ ИСАБАЕВ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Осы 2 жарым жылдың ішінде біз Талдықорған қаласындағы кезекте тұрған адамдардың санын 9,3 пайызға қысқарттық. Алдағы уақытта да біз бұл жұмысты жалғастыра береміз. Демеушілердің есебінен салынған үйлер бар. Халыққа арнап, сатып алып жатырмыз. Аудан орталықтары мен облыс орталығында ғана емес, ауылдарда көше-көшесімен үйлер салып жатырмыз.

Облыстың туристік әлеуеті де артып келеді.   «Алтын – Емел», «Жоңғар Алатау» Ұлттық парктерінде визит орталықтар ашылып, Алакөл және Балқашта инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.