Сан ғасырлық бабалар аманат еткен, тәуелсіздіктің тұғырына жеткенімізге 34 жыл толды. Бір ғана Тәуелсіздік деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Тәуелсіздік жолы - бабалар жолы. Кейінгі ұрпаққа аманат болған - болашақ жолы. Еліміздің бірлігі артып, берекесі кірді. Тұғыры биік Тәуелсіздік туралы Айсәуле Сьезбек айтады.
АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Сіз бен біздің ашық аспан астында бейбіт те бейқам тіршілік кешіп жатқанымызға дәл бүгін 34 жыл толды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдады. Отанымыз өзінің саяси-құқықтық негізі қалыптасқан дербес мемлекет екенін осы заң арқылы күллі әлемге паш етті. Іле-шала халықаралық ұйымдардың тең мүшесі атанып, мәңгілік елдің болашаққа ұлы жоспарын құрды.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бізде әлі де болса қоғамның ішінде Тәуелсіздік аспаннан салбырап түсті дейтін сияқты жаңсақ пікірлер бар. Ол жалған пікір. Қазақстанның ең қиын кездері, отарлықтың ең шегіне жеткен күндердің өзінде қазақ өзінің тәуелсіздігін, бостандығын, еркіндігін аңсауды тоқтатқан жоқ. Сондықтан ең алдымен Тәуелсіздіктің қадірін түсінейік.
1992 жылы Қазақстан Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Бір жылдан соң төл валютасын қолданысқа енгізді. 1995 жылы Қазақстан қазіргі дамуының басты кепілі болып отырған Конституцияны қабылдады. Дәл осы жылдың 15 қыркүйегінде астананы Ақмола қаласына ауыстыру жөнінде Президент Жарлығы шықты. Осыдан тура бір жыл өткен соң Қазақстан мемлекетті дамытудың кешенді бағдарламаларын жасап, нақты іске кірісе бастады. Еліміздің спортшылары тұңғыш рет дербес мемлекет атынан Олимпиада ойындарына қатысты.
РУСЛАН БАЙДАЛЫ, ТАРИХШЫ:
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін осындай демократиялық бағытқа дамуға бет бұрдық. Алдымен экономикамызды, содан кейін соңғы кездері өзіміздің руханиятымызды, мәдениетімізді көтеріп жатқан жайымыз бар. Жоғалған дүниемізді қайтарып, ұмытылған дәстүрді қайтадан жаңғыртып жатырмыз.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш Америка Құрама Штаттары мойындады. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Ал Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Күрделі гео-саяси жағдайға қарамастан мемлекет ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауды басты мақсат етіп отыр. 130-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ:
Бейбітшілік пен тұрақтылық болса, халықтың әл-ауқаты көтеріледі. Яғни, Қазақстан дамиды. Сөз жоқ, Қазақстанның болашағы өте үлкен, ағайындар. Жастарымыздың үлкен бір бақыты – осы күнге ие болып отыру. Тәуелсіздік күні құтты болсын, ағайын!
АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Бұл жай мереке емес. Өткенді бағалап, болашаққа сеніммен аяқ басатын айтулы күн. Бабалар бейбітшілік алауын мәңгі лаулатуды бүгінгі ұрпаққа аманаттады. Аманатқа адал болу – парызымыз.