$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Тәуелсіздікті әр қазақстандық бойтұмарындай қадірлеуі тиіс", - тұрғын

AstanaTV
15.12.2025ж. 19:00
"Тәуелсіздікті әр қазақстандық бойтұмарындай қадірлеуі тиіс", - тұрғын

Иа, Тәуелсіздік таңдайдағы тәтті ұғым. Еліміз дамудың даңғыл жолын таңдап, саяси аренаға Қазақстан атымен танылған күні. Республиканың барлық аймағында мерекені кең көлемде тойланып жатыр. Отансүйгіштікке бағытталған шаралар ұйымдастырылуда. Тілшілермізді тыңдайық.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Тәуелсіздік деген тәтті ұғымды көру бізге бұйырған бақ. Ата бабамыз аңсаған арманы дәл осы Алатау баурайында ақиқатқа айналды.

"Тәуелсіздік монументі". Аты айтып тұрғындай еңселі ескерткіш егемендіктің 5 жылдығына тарту ретінда салынды. Монументтің жалпы биіктігі 180 метрді құрайды. Ескерткіштің ең биігінде «Алтын адам» орналасқан. Жалпы, бұл өнер тундысының әр бөлігінің астарлы мәні бар. Тастағы жазбалар, көркемделіп құйылған торкөз кесіндемелер ел тарихындағы ірі оқиғалардан хабар береді. Азат ел екенімізді айқындайды.  Егемендік жолында төгілген әрбір тердің тамшысын бағалау бүгінгі ұрпақтың мойынындағы міндет екенін ұмытпауымыз керек.

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ, ТАРИХШЫ:

Тәуелсіздік жарияланған күн өте маңызды, өте айтулы даталардың қатарына жатады. Мемлекетің жоқ болса, ұлттық экономикаң, ұлттық мәдениетің, ұлттық дәстүрің әдебиетің тілің  тағы тағы бәрі назардан тыс қалады. Сіздер нағыз тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпағысыздар. Ұлттық сипаттағы дәстүрді, білім беруде сіздер бізден бір қадам алда тұрсыздар. Қазіргі жастардың ерекшелігі осында.

Әрине, Тәуелсіздікті тұғырлы ету өз қолымызда. Ол үшін жастар білімді, еңбекқор болуы тиіс. Мерекеге орай оқу орындары мен қала көшелері көк тумен безендіріліп, ерекше сәнге бөленді. Түрлі челленджер түсіріп, бір-бірін ерекше құттықтап жатыр.

БАҚЫТЖАН ИГІБАЙ, СТУДЕНТ:

Өзіміздің осы жатақханамызды өзіміз жататын бөлмелерді осылай безендіру. Басты идеямыз сондай болды. Оны айтып едік құптады. Одан кейін ту іліп шарлар іліп безендірдік. Университет секілді корпустарды соларды да ту іліп, безендіруді шештік. Бізді көріп басқалар үлгі өнеге алсын деген ниетпен осылай қазақи нақышта киініп жүрміз.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Алматыдағы ауа райының қолайсыздығы халықтың мерекелік көңіл-күйін бұзған жоқ. Барлығы тәуелсіз елдің дамуына тырнақтай болса да үлес қосып жүргендеріне риза. Негізгі шаралар ертең Республика алаңында өтеді. Ал Сыр өңірі мерекені қалай атап өтуде? Әріптесім Мөлдір Тоқтасынқызын тыңдайық. 

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жомарт, рақмет! Қызылордада Тәуелсіздік күніне орай түрлі форматтағы 100-ден аса шара өткізу жоспарланған. Олардың дені бүгін бастау алды. Қалада үйлерінің сыртына ту  іліп жатқан тұрғындар да бар.

Бұл күннің  мәнін келешек ұрпақ жадына сіңіру маңызды. Барлық аудан-ауыл аймақтар мен облыс орталығында  өтетін шаралар осы мақсатқа  негізделген.

 УӘЛИХАН ИБРАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл мереке барлық қоғам үшін өте маңызды. Сол себепті бүкіл қоғам өкілдерінің санаттарын қамту мақсатында бірден-бір ұйым, мекеме бұл шарадан бос қалмайды. Тәуелсіздіктің құндылығын ұғындыру бағытында үлкен шаралар жоспарланды. Қызылорда қаласында, аудан орталықтарында арнайы ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіліп, тағзым гүлдері қойылады.

Жеке кәсіпкерлер де бұл күннен тыс қалып жатқан жоқ. Дүкен иелері ғимараттардың ішін безендіріп, тұтынушыларына тарту жасауда. Тұрғындар да ерекше көңіл-күйде. Тәуелсіздік күнінің мәні ерекше, оны сақтап қалу маңызды, әрі үлкен жауапкершілік дейді олар.

БЛИЦ:

- Тәуелсіз мемлекетпіз, өзіміздің ойымызды, пікірімізді айта аламыз. Жастар да пікірін айтады. Жастар көптеген өздерінің ойымен, қалауымен оқуға түсіп жатыр. Сол күнге жеткенімізге Аллаға шүкір деп айтамыз, Тәуелсіздік алғанымызға.

- Кейбір видеоларды көріп жылағымыз келеді. Өйткені бұрынғы қаншама жастар кетті. Балаларға айтып түсіндіріп, ол бізге қалай келгенін, қандай жағдайлар болғанын, қаншама жастар кеткенін барлығын балаларға көрсетіп отырамыз. 

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тәуелсіздік әр халық үшін қастерлі ұғым. Ал бейбітшілік пен бірлік оны сақтап қалудың негізгі кілті. Егемен еліміз өркендеп, қанатын кеңге жайсын деген тілекпен сөз кезегін оралдық әріптесім Еркін Каринге беремін.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Рақмет, Мөлдір! Оралдық тарихшылар тәуелсіздік тарихын қазіргі көзқараспен жазу керек деген пікірде. Өйткені екі ғасыр жарым бойы бодан болған халықтың соңғы жүз жылда көрмегені жоқ. Ел тарихындағы ақтаңдақтарды түгендейміз деп архив қопарған мамандар осылай дейді.

Зерттеушілер 21-жылдардағы ашаршылықтан бастап, ІІ жаһан соғысының зұлматы, толассыз қуғын-сүргінге қатысты мұрағат мәліметтерінің мол екенін айтады. Ендігі міндет - осы деректерді елеп-екшеп, егемен елдің көзқарасын қалыптастыру.

БАҚТЫЛЫ БОРАНБАЕВА, ТАРИХШЫ:

Бүгінгі қазақ бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Осыны жастар түсінуі керек. 260 жылға жуық біз қазақ елі отар ел болып, бұғауда болған халықпыз. Міне, осы тәуелсіздіктің арқасында ғана біздің ұлттық тарихымыз жаңа көзқарас тұрғысынан жазылу үстінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау Жарлығы бойынша біздің жабық архив қорлары ашылып, қазіргі кезде біздің тарихымыз жаңа көзқарас тұрғысынан жазылып жатыр.

Бұл пікірді шетелдік ғалымдар да құптайды. Италиялық профессор Лоренцо Публичи Оралға осымен үшінші рет келіпті. Студенттерге дәріс оқып, оқытушылармен тәжірибе алмасқан ғалым "Түркі ренессансы мен ерекшеліктеріне қазіргі көзқарас" деген тақырыпты ғылыми жұмысына арқау қылыпты.

ЛОРЕНЦО ПУБЛИЧИ, НЕАПОЛЬ ШЫҒЫС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ (ИТАЛИЯ):

Өйткені біз ғалым ретінде Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне, ұлттық ерекшелігіне қызығушылық танытамыз. Бұл елдің Еуропа мен Азияның ортасында көпір секілді орналасқан мекеніне дейін ерекше. Түрлі мәдениеттердің тоғысында орналасқан елдің тарихы өте бай. Кезекті ғылыми зерттеуімді де осы салаға арнадым.

Ғалымдардың айтуынша, тарихын таныған елдің еңсесі биік болады. Осыны білген алып империялар отарлаған халықтың ең алдымен тарихын жасырады. Тарихи санасынан айрылғандардың тарих сахнасында жұтылып, жоғалып кетуі оп-оңай.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Бүгінде зерттеушілер ел тарихын он жылдан бөліп қарастырады. Алғашқы онжылдықта мемлекеттік рәміздер белгіленіп, ұлттық валюта айналымға шығарылса, кейінгі кезеңнің де ел дамуындағы орны бөлек.