Аустралиядағы атыстан қаза тапқандардың саны 16 адамға жетті. Ал, Украина Германиядағы келіссөздерде НАТО-ға кіруден бас тартуға келісті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Лаңкесті жалғыз өзі құрықтаған мынау ер азаматтың бұл әрекеті бүкіл әлемді тәнті етті. Қаскөймен арпалысамын деп өзі екі рет оққа ұшты. 10 адам оқиға орнында тіл тартпай кетсе, тағы 6-ы ауруханада көз жұмды. Арасында 10 жастағы қыз да бар.
ЭНТОНИ АЛЬБАНЕЗЕ, АУСТРАЛИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз үшін аса қадірлі Бонди жағажайы мәңгілікке қайғының ортасына айналды. Ол – отбасылық құндылықтар мен дәстүрлі мерекелердің мекені еді. Бүгін болған жағдай антисемитизм мен діни лаңкестік. Біз зұлымдықпен кеудемізді тоса күресуіміз керек.
Украина НАТО-ға кіру райынан бас тартуы мүмкін. Германияда Трамптың арнайы өкілі мен Зеленский арасында келіссөздер өтіп жатыр. Инсайдерлердің айтуынша, АҚШ делегациясы кезекті рет Украина басшысына қысым жасап жатыр. Десе де, Зеленский Германияға аттанбас бұрын, барлық қысымға шыдаймын деп уәде берді.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Бейбіт жоспардағы кейбір пункт ел тәуелсіздігіне және біздің Конституцияға қайшы. Оған келіссем, заң алдында және украиналықтар алдында қылмыскер боламын. Бастысы, бізге қауіпсіздік кепілдемесі керек.
Бразилияның ірі қалаларында халық наразылық акцияларына шықты. Олар қамауда жатқан экс-Президент Жаир Болсонаруды босатсын деп талап етіп жатыр. Сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тергеудегі Болсонару 27 жылға абақтыға аттануы мүмкін.