Абай облысында жасөспірімдерді интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Семей қаласы полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар Семей қаласындағы №44 орта мектепте қауіпсіздік сабағын өткізді. Кездесу барысында мамандар интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы баяндап, олардың негізгі белгілерін ажырата білу жолдарын түсіндірді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралатын күмәнді хабарламалар, жалған сайттар, түрлі ұтыс туралы ақпараттардың артында жатқан қауіптерге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жеке деректердің, құпия мәліметтер мен қаржылық ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы жан-жақты айтылды. Кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспекторлар виртуалды кеңістіктегі мінез-құлық пен заң талаптарының өзара байланысына тоқталып, әрбір әрекеттің нақты өмірде белгілі бір салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салды. Қиын жағдай туындаған кезде ересектерге, білім беру ұйымының өкілдеріне немесе құқық қорғау органдарына жүгінудің маңыздылығы атап өтілді. Аталған қауіпсіздік сабағы оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, сақтық дағдыларын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды. Мұндай түсіндіру жұмыстары өскелең ұрпақтың қауіпсіз ортада білім алуына және ақпараттық кеңістікті жауапкершілікпен пайдалануына ықпал етеді.