Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Ташкент қаласында Орталық Азия мемлекеттері және Корея Республикасының парламенттері спикерлерінің үшінші кездесуіне қатысты.
– Бүгінгі кездесудің тақырыбы – Қазақстан үшін өте жақын әрі маңызды. Адами қадір-қасиет, әлеуметтік әділдік пен қоршаған ортаны қорғау елімізде іске асып жатқан реформалармен толық үндесіп, біте-қайнасып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр бастамасының негізінде осы мызғымас принциптер тұр. Әділеттілік идеясы – ұлттық идеологиямызға айналды. Өз кезегінде, бұл қағидалар – аймағымыздағы, тіпті әлемдегі тұрақты даму мен қауіпсіздіктің кепілі. Сондықтан бұл кездесу «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумының күн тәртібін жаңа маңызды бағыттарымен кеңейте түсті, – деді Ерлан Қошанов.
Әлеуметтік әділдік туралы айта келе, Ерлан Қошанов бұл Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі қағидаты екеніне назар аударды. Аталған принцип заңнамалық деңгейде барлық азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ ол әлеуметтік маңызы бар барлық салада, соның ішінде Корея әлемде көшбасшы болып саналатын денсаулық сақтау мен фармацевтика бағыттарында тәжірибе алмасуды кеңейтуге және ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.
Мәжіліс төрағасы экологиялық күн тәртібінің маңыздылығына тоқталып, өңірдегі бірқатар өзекті сын-қатерді ортаға салды. Олардың қатарында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, Аралдың тартылуы салдары және су ресурстарының тапшылығы бар.
Мәжіліс спикері әріптестерін 2026 жылы Астанада жоспарланып отырған Өңірлік экологиялық саммитте қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жаңа әрі батыл шешімдер ұсынуға шақырды.
Осы ретте БҰҰ аясындағы Халықаралық су ұйымының қызметі үшін де жаңа көкжиектерге жол ашылады. Аталған ұйымды құру идеясын Қазақстан Президенті жуырда ғана Ашхабадта өткен халықаралық форумда көтерген болатын.
Форум аясында Ерлан Қошанов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы У Вон Шикпен, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының төрайымы Танзила Нарбаевамен және Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоиловпен парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сонымен бірге форумға қатысушылар Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығына барды.
Орталық Азия мемлекеттері және Корея Республикасының парламенттері спикерлерінің төртінші кездесуін 2026 жылы Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.