Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен Air Astana, FlyArystan, SCAT, VietJet Qazaqstan әуе компанияларының, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары әуежайлары басшылығының қатысуымен кеңес өтті. Кеңес барысында мерекелік күндері әуежайлар мен әуе компанияларының жұмыс режимін күшейту мәселелері қаралды.
Мерекелік кезеңде жолаушылар сұранысының артуын қамтамасыз ету мақсатында келесі бағыттар бойынша 100 қосымша рейс ұйымдастыру жоспарлануда: Астана – Алматы, Алматы – Орал, Алматы – Семей, Астана – Түркістан, Астана – Ақтөбе, Алматы – Ақтау, Алматы – Ақтөбе және Астана – Шымкент.
Кеңес қорытындысы бойынша мынадай тапсырмалар берілді:
1. Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық инспекторларына мерекелік күндері мониторингтік топтар құрып, жолаушылардың құқықтарын қорғау және рейстердің уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Астана және Алматы қалаларындағы ірі әуежайларда болу тапсырылды.
2. Әуе компаниялары мен әуежайларға:
- үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін әуе кемелерінің резервін және қосымша жерүсті техникасын қарастыру;
- персонал құрамын тәжірибелі мамандармен күшейтіп, рейстер кешіктірілген жағдайда жолаушыларға қызмет көрсету аясында ыстық тамақ пен сусындардың берілуін қамтамасыз ету;
- рейстердің кешігуі жағдайында жолаушыларды ресми сайттар, әлеуметтік желілер, мобильді қосымшалар, әуежайлардағы ақпараттық таблолар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел хабардар ету.
Жолаушыларға рейстердің мәртебесі мен ұшу уақытын әуе компаниялары мен әуежайлардың анықтама қызметтері, сондай-ақ ресми сайттар мен мобильді қосымшалар арқылы алдын ала нақтылау ұсынылады.
Әуе компаниялары мен әуежайлар қабылдап жатқан барлық шаралар, ең алдымен, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты объективті себептермен туындайтын рейстердің кешігуіне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.