Энергетик күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Президенті атынан кәсіби мерекесімен құттықтап, сала қызметкерлері мен ардагерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды Astana TV.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндет қойды. Осы орайда, өндіріс орындарының тиімді жұмысы, шағын және орта бизнестің дамуы, коммуналдық сектордың тұрақтылығы және азаматтарымыздың тұрмыс сапасы бірінші кезекте энергетиктердің табанды еңбегімен тікелей байланысты екенін атап өткім келеді. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Қазақстанда еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлінуде. Сіздердің кәсібилігіңіз бен адалдығыңыз ең жоғары құрметке лайық. Өздеріңіздің арқаларыңда маңызды өндірістік және технологиялық нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр энергетика саласындағы негізгі жетістіктерді атап өтті. Онда бүгінгі таңда 53 мыңнан астам маман – монтерлер, электротехниктер, инженерлер, операторлар және басқа да кәсіп өкілдері еңбек етеді. Еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйесі ірі инфрақұрылымдық кешен ретінде тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Биыл электр энергиясын өндіру көлемін 122 млрд киловатт-сағатқа дейін ұлғайту күтілуде (2024 жылы – 117,9 млрд киловатт-сағат).
Президент тапсырмасы бойынша электр энергетикасы саласын жаңғырту және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде энергия өндіруші кәсіпорындардың жобалық қуаты мен сенімділігі артып, жылу электр стансаларының орташа тозу деңгейі 61%-ға дейін төмендеді.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы генерация секторына капиталдың нақты ағынын қамтамасыз етті. Мәселен, биылдың өзінде ғана электр стансаларын жаңғыртуға шамамен 350 млрд теңге бағытталды. Оңтүстік аймақтың электр желісін күшейту және Батыс Қазақстанның энергия жүйелерін Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру басталды.
Премьер-министр 2025 жыл энергетика саласы үшін сапалы өзгерістерге толы болғанын атап өтті. Жалпы міндет – жинақталған тәжірибені сақтау және арттыру.
Марапатталғандар:
«Құрмет» орденімен Жүніспек Байдықпаев – еңбек ардагері,
«Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ-ның жетекші инженері;
Тақтомыс Баенбаев – «МАЭК» ЖШС жөндеу зауытының слесарі;
Ниязбек Омарбеков – «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС бас энергетигі;
Михаил Филатов – «Алматы жылу жүйелеі» ЖШС электр слесарі.