$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Медицина қызметкеріне күш қолданғандар 12 жылға дейін сотталады

Медицина қызметкеріне күш қолданғандар 12 жылға дейін сотталады

Дәрігерге қол көтеру - енді ауыр қылмыс. Мәжіліс  медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заңды қабылдады.  Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағандарға жаза қатаңдатылды.   

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Бүгін Парламент Мәжілісінде медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған маңызды заң қабылданды. Енді дәрігерге немесе жедел жәрдем жүргізушісіне күш көрсеткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заңда «қорқыту» мен «зорлық-зомбылық» ұғымдары нақты ажыратылып, жаза түрлері айқындалды.

Соңғы жылдары адам жанының арашашысы -медицина қызметкерлеріне күш көрсету, оларды ұрып-соғу, қорқыту  дерегі жиіледі.  Бұл-  қылмыс дейді депутаттар.  Енді жаза қатаң болмақ. 

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өйткені жай адамды ұрсаң, қолын сындырсаң бір мәселе. Ол жұмыс істей беруі мүмкін. Ал хирургты сындырсаң ол мыңдаған адам сол мықты хирургтың отасынан өте алмайды. Ол отасын жасай алмайды. Оның карьерасы осымен бітті деген сөз.

Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді. Енді дәрігерге күш қолданса немесе күш қолданамын деп қорқытса, бұл жеке қылмыс болып саналады.

Адам өміріне қауіпті емес күш қолданғаны үшін - 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Ал өмірге қауіпті зорлық-зомбылық үшін 10 жылға дейін, ауыр жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл медицина қызметкерлеріне шабуыл жасады деген күдікпен 14 қылмыстық іс тіркелген.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір олардың барлығы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заң жобасы аясында бұл санаттағы істерді алдын ала тергеу және анықтау құзыреті де ішкі істер органдарына бекітіледі.

Жаңа заң жобасында дәрігердің ғана емес, медициналық көмек алатын науқастардың да жағдайы тыс қалмаған. Дұрыс қойылмаған диагноз, сапасыз ем, медициналық қателіктер мен күмәнді дәрі-дәрмек мәселесі қоғамда жиі көтеріліп жүр. Алайда бұл шағымдардың басым бөлігі нақты тексерілмей, нәтижесіз қалады. Себебі, шамамен 5 жыл бұрын заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, медицина ұйымдарын тексеруге тыйым салынған. Тіпті адам өлімі тіркелген жағдайдың өзінде бақылаушы органдардың араласуына заң жүзінде шектеу қойылған.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Азаматтар арыз-шағым түсіреді. Дұрыс емделмегенге, сапасыз дәріге, медициналық қателіктерге. Бірақ өкінішке орай оны тексерілмейді қарамайды, нәтижесі жоқ. 5 жыл бұрын заңнан медицинаны тексеруге болмайды деген, бұл бизнес жақындамаңдар деген, адам өліп жатса да жақындауға болмайды деп олар заңға жазып қойған екен. Біз осыны қайта қайтардық. Аптеканы тексеруге де рұқсат жоқ еді. Сапасыз дәрі сатады тексеруге болмайды. Қазір қабылдады. Тексеру басталды.

Жаңа өзгерістер - бір жағынан науқастардың құқығын қорғау болса, екінші жағынан саладағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған қадам. Депутаттардың айтуынша, медицинада ашықтық пен бақылау болмайынша, қауіпсіздік те болмайды. Ал жаңа заңның басты мақсаты – дәрігерді қорғаумен қатар, науқастың өмірі мен денсаулығын да нақты қорғау.