Такси қызметін заңмен реттеу керек. Депутат Елнұр Бейсенбаев ұсыныс айтты. Қазір елімізде 500 мыңнан астам такси жүргізушісі бар, бірақ оның өзі ресми тіркелмеген. Демек, олардың кім екені, қайдан келді, бұған дейін қайда жұмыс істеді, бұрын қылмыс жасады ма, жоқ па, оны ешкім білмейді. Тіпті жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар да жолаушы тасымалдап жүр.
500 мыңнан астам такси жүргізушісі жылына 150 миллионнан аса тапсырыс орындайды. Ал жолаушының қауіпсіздігін ескеріп, бақылап отырған ешкім жоқ. Әр сапарда жолаушылар мен жүргізушілердің денсаулығы тиісті деңгейде қорғалмай отыр.Мәжіліс депутаты такси қызметін реттейтін ережелерді түбегейлі қайта қарау қажет дейді.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Такси нарығының көлемі өте үлкен, сондықтан оның нақты әрі заманауи ережелерін ең алдымен жауапты министрлік пен агрегаторлар бірге белгілеуі керек. Қазіргі заңдарда платформалардың қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін заманауи ұғымдар жоқ, әлі де ескі, кеңестік терминдер қолданылады. Сол себепті агрегаторлардың қызметі толық реттелмей, «сұр аймақта» қалып отыр.
Депутаттың айтуынша, елде «такси жүргізушісі» ұғымының нақты анықтамасы жоқ. Жүргізуші, таксопарк пен агрегатор арасындағы жауапкершілік пен міндеттер айқындалмаған. Қазір 12-ден астам такси қызметі жұмыс істейді, алайда оларды мемлекет толық бақылай алмайды
ЖӘДІГЕР ТІЛЕГЕН, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ РЕСПУБЛИКАІШІЛІК АВТОМОБИЛЬ ТАСЫМАЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Агрегаторлардың өздерінде тетік бар. Жолаушылардан опрос жинап, салаунама арқылы сапасыз қызмет көрсеткен жүргізушілерге қатысты олардың дәрежесін рейтингін азайтып, бағалайды. Тиісті қызмет көрсетпегендерді өздері шектейді.
Такси қызметін бақылау тетіктері бар болғанымен, көрсетілетін қызметтің сапасына қатысты сұрақтар азаймай отыр. Қала тұрғындарының такси жұмысына көзқарасы әрқилы.
БЛИЦ:
- Водители наглые. Оставляет не там, где надо.
- Такси қызметі көңілім толады
- Кейде тым қымбат болып кетеді. Әсіресе Астанада
- Көбіне машиналар ескі. Жағымсыз иіс шығады
Дамыған елдерде такси қызметі қатаң заңмен реттеледі. Жапонияда жүргізушілер форма киіп, көліктер қауіпсіздік камераларымен жабдықталады, ал АҚШ, Ұлыбритания және Еуропада такси жүргізушілері міндетті лицензия алып, медициналық тексеруден өтеді және әр сапар сақтандырылады. Мамандар Қазақстанда да такси қызметін дамытуда жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, агрегаторлардың жауапкершілігін заңмен нақты бекіту қажет деп санайды.