$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты", - Президент

"Энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты", - Президент

Қазақстандықтар жылына 21 гигаватт электр энергиясын қолданады. Президент ұлттық дағдыға сай үнемшіл болуға шақырды. Өйткені әлемде қуат көздеріне қызу талас жүріп жатыр. Сондықтан энергетиктердің жаңа буынын даярлау күн тәртібінен түспейді. Мемлекет өз кезегінде инфрақұрылымды үздіксіз жаңарту жұмыстарын жалғастырады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетиктерді марапаттау салтанатты шарасында айтты.

Елімізде соңғы алты жылда электр энергиясына деген сұраныс 16 млрд киловатт-сағатқа артты. Жалпы Отандық электр жүйесінде 237 станция бар. Аталған нысандар мен инженерлік-коммуналдық желілерді жаңарту «тарифтерді инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Нәтижесі былтырғы жылыту маусымында байқалды. Қыс мезгілінде технологиялық ақаулар 27 процентке аз болған. Шаруасы шатқалақтап тұрған  9 жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шықты. Үш станция «жасыл» аймаққа өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек. 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады.

Қазақстанның табиғи ресурсы мен өндірістік әлеуетін ескерсек, шетелден электр қуатын сатып алуға тиіс емеспіз, - деді мемлекет басшысы. Иә, еліміз көмірге бай. Жылына 110 млн тонна көмір өндіріледі. Бірақ заманауи «таза көмір» технологиясына көшпесек, бәрі – бекер. Көмір станцияларының тиімділігі онсыз артпайды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды.

Президент атом электр станциялары Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратын негізгі сектор деп санайды. Бұл ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді. Әлем қуат көздеріне қызу таласқа түсті. Қазақстанның бұл сәтте қуат қорын сақадай сай етуі аса маңызды. Өйткені энергетика – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстанды қуатты етуге ерінбей еңбектеніп жүрген сала мамандары |Ақордада марапатталды.