Биыл қаңтар-қараша айларында Алматының негізгі капиталына 1,9 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифинг барысында айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға көп. Мегаполис экономикасының өсімі қалай артты? Тілші тарқатады.
Биыл Алматы үшін берекелі кезең болды. Себебі, 2025 жылы жалпы құны 500 миллиард теңге қаражатты құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Стартаптар қатарында жеңіл көліктер шығаратын мультибрендті зауыт, шыны ыдыс өндіретін кәсіпорын, автокөлік дөңгелектерін резеңке үгіндісіне қайта өңдеу сынды жобалар бар. Жыл қорытындысы бойынша мегаполистің өңірлік жалпы өнімінің өсімі 6,4 % деңгейге жетпек.
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Биыл Алматыда іскерлік белсенділік те, инвестициялық динамика да жоғары деңгейде сақталды. Ағымдағы жылғы қаңтар-қараша айларында Алматы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 11,4 %-ды құрады.
Жергілікті бюджетке түсетін кірістің басым бөлігін шағын және орта бизнес құрап отыр. «Биыл мыңнан астам шағын және орта бизнес жобаларын қолдау мақсатында 50,8 млрд теңге бөлінді»-дейді қала әкімі.
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Бұл салада қаланың жұмыспен қамтылған тұрғындарының 90 %-ы еңбек етеді. Белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,4 %-ға артып, 387 мыңға жетті. Ал, өндірілген өнім көлемі 21 %-ға өсті.
Айта кетейік, 2027 жылдың соңына дейін 39 шағын өнеркәсіптік парк ашылып, 5 мыңға тарта жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Нәтижесінде, 2030 жылға қарай қала экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі 65%-ға дейін шарықтайды.