Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды туризмді дамытуға туристерге арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі кедергі болып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.
Оның айтуынша, 2025 жылы Іле-Алатау ұлттық паркіне 901 мың турист келсе, «Шымбұлақ» курортына 1,1 млн адам барған. Ал демалыс және мереке күндері онда келушілер саны тәулігіне 15 мың адамға дейін жетеді. Бұл трасса мен аспалы жолдарға шамадан тыс жүктеме түсіреді.
— Осы мәселелерді шешу үшін «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын аспалы жол арқылы біріктіретін Алматы тау кластерін дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба шетелдік туристер санын 1 млн адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді, ал қаланың экономикасына жыл сайынғы үлес 300 млрд теңге көлемінде кіріс әкеледі деп бағаланып отыр. Одан бөлек қалада 3 664 нөмірге арналған қонақ үйлер мен туристік нысандарды салу бойынша 25 жоба жүзеге асырылып жатыр, — деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ қала әкімі 2026-2027 жылдары 38 қоғамдық кеңістікті жаңғырту жоспарланғанын атап өтті. Олардың қатарында Тұңғыш Президент саябағы, Әуежай көлі жағалауы, Есентай, Үлкен Алматы өзендері және басқа да маңызды демалыс аймақтары бар.
— «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша 68 көше жаңғыртылады. Оның аясында ғимараттар жаңарып, заманауи шамдар орнатылады, тротуарлар төселіп, аумақтар көріктендіріледі, — деді әкім.