Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 564 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді.
БҚО полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Мұсағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл өткен жылдың осы кезеңімен (469) салыстырғанда, 20,3 пайызға көп.
Артур Ғайсаұлының сөзіне қарағанда, жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал көлемі 1 млрд 800 млн теңгеден асты.
– Алаяқтықтың залдарынан ең көп зардап шеккендер – әлеуметтік осал топтар, атап айтқанда, жұмыссыздар – 201, зейнеткерлер – 108. Сондай-ақ жеке компанияның 161 қызметкері, білім беру саласынан – 59, медицинадан – 28, мемлекеттік қызметшілерден 7 адам алданған. Олардың шамамен 70 пайыздан астамы полиция қызметкерлері тарапынан алдын ала ескертілген немесе интернет-алаяқтардың тәсілдері туралы хабардар болған. Ал кейбіреулері бұған дейін осындай алаяқтыққа ұшыраған, - деді А.Мұсағалиев.
Оның айтуынша, биыл 73 адамға қатысты 160 қылмыстық іс өндірісі аяқталды. Бұл өткен жылғыдан (99) 61,8 пайызға көп. Яғни интернет-алаяқтармен қатар оларға жәрдемдескен дропперлер, дроповодтар, криптовалютамен айналысушылар, белсенді үлес қосқандар мен курьерлер жауапқа тартылды. Сонымен қатар 7 адамға қатысты 18 қылмыстық істі жыл соңына дейін сотқа жолдау жоспарлануда.
– Бұған қосымша сот процестерінің нәтижесі бойынша жәбірленушілерге 377 млн теңгеден астам шығынды өндіру туралы шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңда интернет-алаяқтықтың ең кең тараған тәсілі – жалған банк қызметкері ретінде хабарласып, жәбірленушінің банк шотын қорғау сылтауымен қоңырау шалу арқылы алдау. Биыл осы әдіске облыстың 365 тұрғыны түсіп қалған. Сондай-ақ жалған қызмет көрсету (72), инвестицияға салым салу сылтауы (24), онлайн тауар сатып алу (36), онлайн несиелендіру (48), досының атынан қоңырау шалу (8), жұмысқа орналастыру (3), ақшаны заңсыз қолма-қол қаржыға айналдыру (8) арқылы алдау кездеседі, - деді басқарма бастығы.