$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан мен Жапония арасында тауар айналымы 2 млрд долларға жетті

Қазақстан мен Жапония арасында тауар айналымы 2 млрд долларға жетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға алғаш рет ресми сапармен барды. Президент Күншығыс елімен жалпы құны 3,7 млрд доллар көлемінде коммерциялық келісімдерге қол қойды. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жеткен. Бұл – Жапонияның Орталық Азия елдерімен сауда көлемінің 70 проценті. Экономистер табиғи ресурсқа бай Қазақстан мен жаңа технологиялардың Отаны Жапония арасында ынтымақтастық әлі өрбиді деп пайымдайды.

Қазақстан Президентін Жапонияның сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу Ханэда халықаралық әуежайында күтіп алды. Токионың таңы ата Қасым-Жомарт Тоқаев Император Нарухитоның сарайына барды.  Мемлекет басшысы Жапон елінің тәртібі мен табандылығын Қазақстан халқы әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Ал император бүгінгі кездесуді тарихи елеулі уақиға санады. Әрі екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге шығады деп сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасын аралады. Императорлық киелі орын саналатын кешен 1920 жылы салынған. Оның аумағында 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл желек жайқалған. Бақ Жапонияны әлемнің дамыған еліне айналдырған император Мейджиге арналған. Кешенмен танысқан соң Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Президент сапар барысында Күншығыс елінде еңбек етіп, білім алып жүрген қазақстандықтармен кездесті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жапон тарапы да үлкен мән беріп отыр. Бүгін Премьер-министрмен кездесемін. Жақсы қарсы алып жатыр бізді. Ынтымақтастығымыздың келешегі зор болатынына ешқандай күмән жоқ.

АРАЙЛЫМ ХАСАН,  ARIA CONSULTING НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен Жапонияның Цукува университетіне оқуға келген болатынмын. Содан бері 13 жыл осы Жапониядамын. Қазіргі кезде Аria консалтинг деген өзімнің жеке кеңес беру компаниямды ашып.

Мұғалімдерге арналған бағдарлама бойынша, осы Жапонияның білім жүйесімен танысып, тәжірибе жинақтауға келдім. Болашақтың іргетасы жастар демекші, сол Жапон-Қазақстан қарым-қатынасын фундаменттен бастап бекітуге ниеттіміз.

Қазір Жапонияда жұмыс істегеніме 2 жыл болды корпорациясында жұмыс істегеніме. Патенттерге тапсырғанмын. Көп конференцияларға. Қазір жасап жатқан проектерім ол - жапондық көлік жасаушы компаниялардың өзі жүретін машиналарының модульдерін тездетіп, жақсырақ детекция жаайтын жасап жатырмын.

Жаһандық өзекті мәселелерге келгенде Қазақстан мен Жапонияның ұстанымдары ортақ. Парламентаралық диалог тереңдей түсті. Жапония Қазақстандағы ең ірі инвестордың қатарына кіреді. Көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларында нақты жобалар бар.  Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 2 млрд доллардан асқан. Бүгінгі сапар да салымды болды. 3,7 млрд доллардың келісімшарты жасалды.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Қазақстан Жапония үшін бұл минералды ресурстар. Яғни, біздің уранымыз ол мемлекетке жоғарғы сұранысқа ие. Ал Қазақстанға Жапония бұл жоғарғы технологиялардың біздің экономикаға кіруі. Яғни, екеуінің де қажеттіліктері, қызығушылықтары бар. 3,7 млрд доллар коммерциялық келісімнің басым бағыты бұл бірінші кезекте минералды ресурстарымызға, екіншіден өңдеуші өнеркәсіп яғни, біздегі мынау экономиканы әртараптандыру кезеңінде біз шикізатты мемлекеттен өңдеуші өнеркәсіп мемлекетіне ауысып жатқан кезде бұл да бізге қажетті деп айта аламыз.

Президент Тоқаевтың Токиоға іс-сапары Премьер-министрдің офисінде жалғасты. Салтанатты қарсы алу рәсімінде құрмет қарауылы сап түзеді. Екі елдің де мемлекеттік әнұраны шырқалды. Тараптар кездесу барысында осыдан 21 жыл бұрын Астанада өткен «Орталық Азия+Жапония» жиынын еске алды. Қазір мұндай форматтағы мемлекет басшыларының кездесуі саяси «трендке» айналған. Жапон премьері Санаэ Такаичи Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес санайтынын айтты. Келіссөздер барысында екі жақтың сан саладағы байланысын нығайту перспективалары талқыланды.