Түркістан облысында көпір құлады. Келес өзені арқылы өтетін көпір Ұшқын және Қошарата ауылдық округтерін байланыстыратын. Облыстық маңызы бар автожолдағы көпірдің құлауға шақ тұрғанын халық кеше байқап, әлеуметтік желіде жариялаған. Осыдан соң жергілікті билік тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Санаулы сағаттардан соң-ақ көпір толықтай құлады. Өткелдің бұзылуы салдарынан ауылға тартылған ауыз су жүйесіне де зақым келіп, елдімекенге су беру тоқтатылды. Қазіргі таңда көпірді қайта қалпына келтіру және көлік қатынасын қайта жолға қою жұмыстары жүргізілуде деп хабарлайды жергілікті билік өкілдері. Ал көлік қозғалысы үшін 10–15 шақырымды құрайтын айналма жолдар ұйымдастырылды. Ұшқын ауылына көлікпен су тасымалдануда.Көрші ауылға қатынап оқитын мектеп балаларының бірқатары онлайн оқуға көшірілді.
ЖЕҢІС ЛЕСБАЕВ, КЕЛЕС АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Оқиға салдарынан адам шығыны және зардап шеккендер жоқ. 17.12.2025 жылы шұғыл түрде аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өткізіліп, аудан әкімімен құзырлы мекемелерге халықты айналма жолдары бойынша ақпараттандыру сонымен қатар полиция қызметімен тәуліктің кезекшілік ұйымдастыру тапсырылды.
ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл негізі айтып кету керек көпір 1970 жылы салынған. 55 жылдай болған екен осы жылдары. Ұзындығы-64 м, ені-11 метр. Тозығы жетке, әбден ескірген көпір. Жылда біз оны жөндеу жұмыстарын жасап жүргенбіз. Енді біз қазір жоба жасап, стратегиялық нысан болғандықтан жоба жасалып, көпірді 4-5 айда салатын боламыз.