Су үнемдеу технологиялары енгізілген ауданның көлемі жыл сайын артып келеді, көрсеткіш 150 мың гектарға жетті: Үкімет жыл қорытындысы туралы
2023 жылға дейін су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандардың көлемі жыл сайын орта есеппен 30 мың гектарды құрады. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, орта есеппен 150 мың гектарға жетті. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметтің бір жылдағы жұмыс қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Ол су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік алқаптарының жалпы көлемі 543,5 мың гектарға өскенін, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Осы мақсаттарға жету үшін 2026-2028 жылдарға республикалық бюджетте 228 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп.