Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жақын көршілерімен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытып келетінін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның беделді әрі сенімді серіктес ретінде кеңінен мойындалғанын айтты.
-Қазақстан жақын көршілері - Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытып келеді. Біз бұл тату көршілікті Қазақстанның тұтас Еуразиядағы сенім мен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық артықшылығы деп білеміз. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттарымен және Еуропа Одағымен ұзақ мерзімді ықпалдастықты кеңейтіп, Таяу Шығыспен, Азия және Жаһандық Оңтүстік елдерімен байланысты күшейтеміз. Жапонияның Қазақстан үшін маңызы зор. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне жол ашу мақсатында достығымыз бен қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз. Геосаяси тұрғыдан жікке бөлінген әлемде Қазақстанның мұндай теңгерімді әрі тура ұстанымы конструктивті дипломатияны қуаттай түседі, - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайтынын еске салды.
Ушыға бастаған ядролық қатер проблематикасына дәріс барысында айрықша назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың ядролық қарудан тартқан зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем екенін айтты.
- Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік танытып, осы арқылы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік. Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз: жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Халықаралық қоғамдастық жаппай ядролық қарусыздану бағытында белсенді әрекет етіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне үлес қосуға тиіс. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көпжақты әрекетке шақырады. Қазақстан мен Жапонияның бұл тұрғыда әлем алдында жүзі жарқын. Елдеріміз ядролық алпауыт мемлекеттер мәмілеге келе алмай жатқан кезде қарама-қайшылықтарды реттеп, прагматикалық тұрғыдан көшбасшы екенін көрсете алар еді, - деді Президент.