$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Қазақстан мен Жапонияның әлем алдында жүзі жарқын", - Президент

"Қазақстан мен Жапонияның әлем алдында жүзі жарқын", - Президент

Мемлекет басшысы Токиодағы ресми сапарының екінші күнінде  түрлі ұйым басшыларымен кездесті. Әрі БҰҰ университетінде «Қазақстанның ұстанымдары» жайлы дәріс оқыды. Президент 50 жылдық тарихы бар оқу орнының филиалын Алматыда ашу ұсынысын айтты. Кешқұрым Орталық Азия басшыларының құрметіне арналған ресми қабылдауға қатысты. Токиодағы табысты кездесулер жайлы толығырақ тілші Айсәуле Съезбек тарқатсын.

Мемлекет басшысы алдымен Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесті. Тараптар цифрландыру, Smart city технологияларын талқылады. Әрі мегаполистерді таза, қауіпсіз, жайлы да инкюзивті етудің жолын қарастырды. Екі ел астаналарының басшылары өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қазақстан делегациясы Токионың төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралады. Қасым-Жомарт Тоқаев түс ауа БҰҰ университетінде «әділетті әрі тұрақты әлем құру» жайлы ой-пікірін ортаға салып, дәріс оқыды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаһандағы тұрақтылықты қалыптастыруда алпауыт елдер ғана емес, жауапты орта держабалар да үлес қоса алатынына тарихтың өзі куә. Мұндай мемлекеттер түсінікті әрекет етіп, керағарлықты реттеуге көмектеседі. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерлетуге септігін тигізе алады. Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады. Біз берік ұстанымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көпвекторлы дипломатия жүргіземіз.

Ядролық қарудың зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем. Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарау керегін ұғындырды. Қазақстан Семей полигонын жауып,  әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартты. Президент Токио төрінде  бұл қадамды осалдық емес, көрегендікке балады. Әрі әлем елдерін жаппай ядролық қарусыздандыруға шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз. Жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көпжақты әрекетке шақырады. Қазақстан мен Жапония бұл тұрғыда әлем алдында жүзі жарқын. Елдеріміз ядролық алпауыт мемлекеттер мәмілеге келе алмай жатқан кезде қарама-қайшылықтарды реттеп, прагматикалық тұрғыдан көшбасшы екенін көрсете алар еді. 

Мемлекет басшысы Жапонияның ірі сауда-инвестициялық корпорациясы  Sumitomo – ның жетекшісімен жолықты. Шинго Уэно «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен жоба жайлы мәлімет берді. Әрі тау-кен, көлік-логистика саласы бойынша инвестициялық бастамаларды талқылады. Келесі келелі кездесу Металл және энергетикалық қауіпсіздік ұйымының төрағасы Ичиро Такахарумен өтті. Әңгімелесу барысында аталған ұйымның бөлімшесін Қазақстанда ашу мүмкіндігі талқыланды. Қазақстан президенті кешке Акасака мемлекеттік сарайына барды. Орталық Азия басшыларының құрметіне арналған ресми қабылдауға қатысты. Ал ертең «Орталық Азия-Жапония» диалогының бірінші саммиті өтеді.