2025 жылғы «Дарын» сыйлығының лауреаты: Қазақстанда жастар үшін барлық жағдай жасалған
Бүгінде Қазақстан жастарының саны – 5 миллион 817 мың адамға жетті. Бүгінде олар ел халқының үштен бірі бөлігін құрайды. Бастамашыл, дарынды, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары қазіргі жастар – елдің ертеңін қалыптастыратын негізгі буын.
Осы орайда жыл сайын еңбектері мемлекеттік деңгейде бағаланып жүрген белсенді жастардың рөлі айрықша. Жастардың көшбасшылығы мен бастамасын қолдайтын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен «Дарын» мемлекеттік сыйлығын тағайындауға арналған конкурстар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
«Мен қашан да Қазақстанда жастар үшін барлық жағдай жасалғанын айтудан жалықпаймын. Қай бағыт, қай сала болмасын қолдау білінеді. Гранттар, шәкіртақылар, даму мүмкіндіктері бар. Ал мұндай номинацияға ие болу — үлкен мәртебе. Біз өз ісімізді марапат күтпей де адал атқаруға дайынбыз», – дейді биылғы «Дарын» сыйлығының «Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша лауреаты Меруерт Өтегенова.
Жыл ішінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 2024 жылғы 30 жеңімпазы өз жобаларын жүзеге асырды. Әр жобаға мемлекет тарапынан 3 миллион теңгеден бөлінді. Мәселен, Атырау қаласының тұрғыны Әнел Маратова Даун синдромы бар балалардан құралған инклюзивті театр ашты, ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистрі Әнел Әубәкірова елдегі алғашқы этно-мюзикл құрды.
Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту және қолжетімді тұрғын үй мәселелері. «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларының арқасында 5,7 мыңнан астам жас қазақстандық баспаналы болды. Сонымен қатар 17 өңірде жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламалар жемісті жүзеге асып келеді.
Соңғы үш жылда мемлекеттік қолдау жүйелі шараларының нәтижесінде жас кәсіпкерлер саны 12,1% артты. Бүгінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1%, бұл – өңірдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы да қарқынды дамып келеді. Жобаны іске асыруда «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары негізгі рөл атқарады. Биыл маусымдық жұмыспен 35,9 мың жас қамтылды, бұл жоспарлы көрсеткіштен 19,8% жоғары. Қатысушылардың шамамен 40%-ы – ауыл жастары.
Сонымен қатар Жастар ресурстық орталықтарының желісі жетілдірілді. Қазіргі таңда елде 235 орталық жұмыс істейді, олар жастарға, әсіресе осал санаттағы азаматтарға көмек көрсетеді.
Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында жалпы сомасы 750 миллион теңге болатын 6 жаңа гранттық жоба іске асты. Бұл бастамалар нашақорлық, лудомания және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Осы гранттық қолдау аясында енгізілген «MERGEN» жүйесінің көмегімен 5 мыңнан астам есірткі дүкені анықталып бұғатталды, жарнама сайттарындағы 120 мыңнан астам хабарландыру тексерілді.
Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау да маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. 94 жастар денсаулық орталығының жұмысы нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы жүктілік деңгейі 43%, ал аборттар саны 30% төмендеді.