$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Балқаштағы медициналық мекемелерді жаңғыртуға 7,5 млрд теңге бағытталды

22.12.2025ж. 09:15
Балқаштағы медициналық мекемелерді жаңғыртуға 7,5 млрд теңге бағытталды
Фото: Үкімет

Қарағанды облысындағы бірқатар медициналық нысанды жүзеге асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 7,5 млрд теңге бөлінді. 
 
Қарағандыдағы жаңа онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға 6,2 млрд теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен қосымша 1,74 млрд теңге көлемінде бірлесіп қаржыландыру көзделген. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 70%-ға жетті, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Балқаш қаласында қазіргі уақытта күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан көпбейінді аурухана базасында ауданаралық медициналық хаб құрылады. Бұл мақсаттарға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, жалпы құны 1,27 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында ангиографиялық операциялық және қабылдау-диагностикалық бөлімшелерді орналастыру үшін қосымша корпустың құрылысы аяқталуда. Бүгінгі таңда нысан 96%-ға дайын. Сондай-ақ қаңқаны салу, инженерлік желілерді төсеу және ішкі әрлеу бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Нысанды осы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Балқашта балаларды оңалту орталығы құрылып жатыр.  Бұрынғы санаторий ғимаратын қайта жабдықтау үшін 272,1 млн теңге бағытталды. Жоба стационар және амбулаториялық қабылдауды ұйымдастыруды көздейді. Реабилитологтарды, невропатологтарды, логопедтерді және ЕДШ нұсқаушыларын қоса алғанда, тар бейінді мамандардан тұратын көпсалалы команда құрылады. Бұл балаларға облыс орталығына бармай-ақ сапалы оңалтуға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың ақпан айына жоспарланған.

Осы жобаларды жүзеге асыру өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттырады. Осылайша, ангиографиялық операциялық бөлімшені іске қосу «алтын сағат» қағидасы негізінде және пациенттердің өмірін сақтай отырып, Балқаш тұрғындарына инфаркт пен инсульт кезінде шұғыл жоғары технологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Оңалту орталығының ашылуы тұрғылықты жері бойынша ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қалпына келтіру емін үздіксіз алуды қамтамасыз етеді.