$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қызылордада көпқабатты үйлерді ыстық сумен қамтуға 26 млрд теңге бөлінді

22.12.2025ж. 13:27
Қызылордада көпқабатты үйлерді ыстық сумен қамтуға 26 млрд теңге бөлінді
фото: gov.kz

Қызылордада тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, инфрақұрылымдарды қайта жаңғырту бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр.

- Қызылордалықтардың арманына айналған облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты. Бұл мақсатқа 26 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінді. 2022-2024 жылдары «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 78 ауылда әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған 31 млрд 600 млн теңгеге 343 жоба жүзеге асырылды, - деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің айтуынша, биыл 41 елді мекенде 66 жобаны іске асыруға 15 млрд 155 млн теңге бөлінген. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл барлық елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылды.

-Аймағымызда 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67% болатын. 2022-2025 жылдары 65 млрд 100 млн теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды. Биыл облысымызда газдандыру көрсеткіші 83% жетті. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 2022-2025 жылдары 24 млрд 200 млн теңгеге
71 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде өңіріміздегі электр желілерінің тозу деңгейі 60,8% төмендеді, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Қызылорда қаласында «Акса Энерджи» түрік инвесторы 215 млрд теңгеге қуаты 240 мегаватт болатын жаңа жылу электр орталығын салды. Бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры жүргізілді. Бұл-Тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған маңызды ірі жобалардың бірі. Орталық өңірді қажетті электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді әрі бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға да мүмкіндік береді.