Қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов 88 жасында дүние салды. Тау тұлға биік белестерді бағындырып, қазақ киносында өшпес із қалдырды. 1980 жылы КСРО халық әртісі атағы, ал 2017 жылы Қазақстанның Еңбек Ері жоғары наградасы берілген. Қазақ өнерінің шоқ жұлдызының көзін көрген ел зиялылары қайғыра көңіл айтты.
«Бекежансыз көрген қызық арам болар бұл елге» деп, отандық киноиндустрияның алтын діңгегіне айналған тау тұлға желтоқсанның жексенбісінде бұл дүниеге «қош» дей барды. Қаралы хабарды естіп, еңсесі түспеген адам жоқ. Қазақ киносы бір сәтте қара жамылды. Сахна саңлағы 1937 жылы мамырдың мамыражай күнінде Жамбыл облысында өмірге келген. Өнердегі өнегелі жолы М. Әуезов атындағы драма театрында басталды.
ӘУБӘКІР РАХИМОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, РЕЖИССЕР:
Асекең аңыз адам. Асекең анау Ш. Аймановтардың, Ер ағаң, Сер ағаң, Қ. Қуанышбаевтардың әріптесі болып, бізге сол кісілердің тәрбиесін жеткізген ұлы адам. Біз студияда оқып жүргенде ол кісілермен қатты араластық. Содан бері жұбымыз жазылмай келе жатыр. Өте ауыр қаза.
Асанәлі Әшімов – қазақ киносында антагонист образдарды қалыптастырған бірден-бір тұлға. Көрерменнің көзіне түрпідей тиетін, дегенмен, үнсіздігімен-ақ кейіпкерін сөйлете білген актер ретінде көптің есінде қалды. «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Ботагөз», «Трансібір экспресі» сынды картинадағы рөлдері талай жанның жанарын жаулады.
НҰРҒАЛИ НҮСІПЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ:
Өміріміз театрда да, өнерде де бірге қамшының өріміндей өріліп келеді бірге. Маған қатты еркелейтін еді. Менен 5 ай кішілігі бар.
СӘТ ТОҚПАҚБАЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
Аяқ астынан қазақ мәдениетінің, искусствосының іргесін қалаған, өшпейтіндей із қалдырған бауырымыз Асекең өмірден озды. Қайғырып көңіл айтамыз жақындарына.
Асанәлі Әшімов – қазақ киносының қайталанбас феномені. Жүздеген картина мен спектакльде ойнаған. Сондай-ақ, режиссер және театр педагогі ретінде де қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Сондықтан Асанәлі Әшімовтің есімі қазақ киносында алтын әріптермен жазылмақ.