$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада жаңажылдық шырша шамы жағылды

AstanaTV
22.12.2025ж. 19:00
Астанада жаңажылдық шырша шамы жағылды

Астанада бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды.  6 ауданда қала тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мерекелік алаңдарда мұз айдындары, сырғанақтар, шағын сәулет нысандары, фотоаймақтар мен түрлі ойын-сауық алаңдары бой көтерді. Орталық саябақ, Ғашықтар паркі, Әйтеке би көшесіндегі аллея, «Бухарест» паркі мен Үркер тұрғын алабында жаңа жылдық шыршалардың шамы салтанатты түрде жағылды.

АЙБИКЕ ТАСБОЛАТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көңіл-күйіміз өте жақсы. Садиктің қасында болға соң осы жерге келіп отырмыз. Музыка бәрі тамаша адамдар да жиналып қалды.

Байқоңыр ауданында бес жаңа жылдық шырша орнатылды. Олар «Жастар» сарайы аумағында, Кемал Ататүрік атындағы саябақта, Өндіріс, Кірпішті тұрғын алаптарында және Қоянды саяжайында орналасқан. Ал ауданның негізгі мерекелік орнына айналған Ататүрік атындағы саябақта биіктігі 20 метрлік шырша, мұз айдыны, қар сырғанағы және тақырыптық шағын сәулет нысандары қойылған.

НҰРИСЛАМ БАТЫРБЕК, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Байқоңыр ауданының тұрғындарымен бірге осы мерекені атап өту мақсатында осы жерде жиналып, қалалық әкімшілікпен бірге аудандық әкімшілік концерт өткізіп жатырмыз.

Мерекелік кеш барысында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылып, Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен түрлі ойындар өтті. Шараға 1000-нан астам адам қатысты.