Елордада қазақстандық және ресейлік дзюдошылар белдесті. Спортшылар Астанадағы Мәскеу күндерінің аясында шеберлік байқасып, тәжірибе алмасты. Жасөспірім татами шеберлерінің тартысты бәсекесі туралы Еркелді Тлеуқұл баяндайды.
Астаналық және мәскеулік дзюдошылар жолдастық кездесу екеніне қарамастан, бар шеберліктерін ортаға салды. Елордалықтар 4 салмақ дәрежесінде, ұлдар мен қыздар арасында өткен командалық сында 3-1 есебімен айқын жеңіске жетті.
БОЛАТБЕК СҰЛТАН, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ:
Ресейден келген спортшылар партерде мықты екенін білдік. Барынша, партерге түспеуге тырыстық. Мен түскеніммен, барынша жиналып, жаттым.
Анастасия Транковская -мәскеулік ұжым қатарында жалғыз жеңіске жеткен дзюдошы. Бұрымды спортшы өз жас санатында Ресей Чемпионы да атанған.
АНАСТАСИЯ ТРАНКОВСКАЯ, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ:
Қазақстандық дзюдошылар өте мықты. Барымызды салып, белдестік. Жалпы, қазақстандық қарсыластарымызға алғысымыз шексіз. Бізді келгеннен қарсы алып жатыр. Бүгін тағы қыдыртамыз дейді.
Татамидегі белдесу тартысты болып, жарыс атанғанымен, өзара құрмет пен достыққа негізделген, - дейді ұйымдастырушылар.
АЗАМАТ АҒЗАМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Достық атмосфера болды. Өйткені спорт арқылы екі қаланың ынтымақтастығының арқасында осындай жарыс өткізілді. Бұл біздің спорттың дамуына, жақсы командалардың келуіне жақсы серпіліс болады деп ойлаймын.
Мәскеу делегациясын бастап келген Ольга Жилина, Елордалықтардың қонақжайлығына ризашылығын білдірді. Айтуынша, екі елдің бас қалалары барлық салада ынтымақтастықты арттыру үшін жұмыс жыл өткен сайын қыза түседі.
ОЛЬГА ЖИЛИНА, МӘСКЕУ ҚАЛАЛЫҚ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің спортшылар да, делегацияның өзге мүшелері де дән риза. Аяғымызды жерге түсірмей күтіп алып жатыр. Біздің жасөспірімдер бірінші рет шетелге шығып, өзге ел спортшыларын көргендеріне өте қуанышты. Қаланың әдемілігіне де тамсанып жатырмыз.
Айта кетейік, Елордадағы Мәскеу күндерінің аясында жаңа жылдық қойылымдар және дөңгелек үстел өткізу жоспарланған.