Сәтбаев университеті Физика-техникалық институтының базасында орналасқан «Алатау» инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағында екі жаңа жоғары технологиялық өндіріс бірден іске қосылды. Бұл екі жоба отандық өнеркәсіпті дамытуда және су қауіпсіздігі мен инфрақұрылымды қорғау салалары бойынша Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтуда маңызды қадам болып отыр.
Іске қосылған алғашқы жоба «Мембранэко» компаниясының кері осмосқа арналған мембраналық элементтерді сериялық өндіруге қатысты. Жоба ғылым мен бизнестің және мемлекеттің өзара ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асырылды. Сәтбаев университеті ғылыми сараптама мен зертханалық базаны қамтамасыз ете отырып, жобаға теңқұрылтайшы ретінде қатысты. Ал «Almaty Finance» және «Самұрық-Қазына» қоры оған қаржылық қолдау көрсетіп, ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік берді.
Осы келісімшарттар аясында «Мембранэко» компаниясы су тазарту жүйелерінде қолданылатын, сүзгілердің өмірлік циклін цифрлық бақылауға арналған RFID-таңбалармен жабдықталған отандық сүзгілеу элементтерін жеткізетін болады. Жоба су дайындау саласын цифрландыруды жеделдетуге және импорттық сүзгілеу элементтеріне тәуелділікті азайтуға бағытталған, сөйтіп Қазақстанның өнеркәсібі мен коммуналдық қызметтерін халықаралық сапа деңгейіндегі жергілікті жабдықпен қамтамасыз етеді.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, іске қосылған мұндай өндірістердің стратегиялық маңызы өте зор. Бұған дейін кері осмос мембраналары Қазақстанға толықтай шетелден әкелінетін. Енді технологияларды локализациялау арқасында республика, әсіресе құрғақ аймақтарда (мысалы, Маңғыстау облысында), су тазарту және тұщыландыруға арналған, әрі сұранысқа ие жоғары технологиялық шешімдеріне қол жеткізіп отыр. «Мембранэко» компаниясының бұл жобасы тұщы су тапшылығы мәселесін шешуге ықпал ете отырып, экологиялық таза технологиялардың дамуына және елде жаңа жоғары технологиялық жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.
Екінші жоба – құбырлар мен дәнекерленген қосылыстарды коррозиялық және пайдалану әсерлерінен қорғауға арналған, жылумен жиырылатын оқшаулағыш материалдар өндірісі. Бұл инновациялық материалдар өнеркәсіптік пайдалану талаптарын ескере отырып әзірленген және Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Жоба «Ғылым қорының» қолдауымен ғылым мен өнеркәсіптің ынтымақтастығы аясында «InsulTech» компаниясымен бірлесе отырып жүзеге асырылды, ол мұнай-газ, энергетика және коммуналдық инфрақұрылым саласындағы құбыр жолдарын қорғау бойынша ұлттық өнеркәсіптік базаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.
Бұл екі жобаның жүзеге асырылуының стратегиялық маңызы өте зор. Мембраналар мен оқшаулағыш материалдардың отандық өндірісін іске қосу жергілікті өнеркәсіптік базаны дамытуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және экологияға бағытталған технологиялар саласындағы экспорттық әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді.