«AMANAT» партиясы мен Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының құқығын қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында тараптар жұмысшыларға құқықтық қолдау көрсету, лайықты еңбек жағдайын жасау және әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытында күш біріктіреді. Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында еңбек адамының беделін арттыру басым бағыт екенін атап өтті. Өз кезегінде федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл бірлестік әлеуметтік әділеттілікті орнатуға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге негізделгенін жеткізді. Енді екі ұйым жұмысшы жастарды қолдау мен еңбек дауларын шешуде жүйелі түрде бірлесіп жұмыс істейді.