$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Салық есебін тапсыру нысандарының саны 60% қысқарды

23.12.2025ж. 11:09
Салық есебін тапсыру нысандарының саны 60% қысқарды
Фото: pixabay

ҚР қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Мұндағы негізгі тәсіл: «қадағалау үшін ғана қадағалау жасау» деген көзқарастан арылып, салық төлеушіні тіркелген сәттен бастап бүкіл қызмет жолында сервистік сүйемелдеуге көшуде.

«Бұл Мемлекеттік кірістер комитетінің, екінші деңгейдегі банктердің және басқа да цифрлық арналардың платформаларындағы электрондық сервистер мен интеграцияларды дамыту арқылы қамтамасыз етілетін болады»,— деді Мәди Такиев.

Қабылданған шешімдердің ішінде келесідей жайттар бар:

  • декларацияны алдын-ала толтыру және автоматты түрде декларациялау;
  • маңызды жағдайлар кезінде push-хабарландырулар жіберу. Мысалы, ҚҚС бойынша есепке қою кезінде немесе салық есептілігін ұсыну мерзімі басталғанын хабарлау;
  • «жүгіну міндетті емес» форматта жүзеге асатын жекелеген процестер. Мысалы, мемлекеттік бажды автоматты түрде қайтару немесе салықты автоматты түрде есептеу.

Министр ҚҚС төлеуші ретінде тіркелгеннен кейін кәсіпкер келесі мәселелер бойынша МКК (ЭШФ АЖ-да) платформасында базалық оқытудан өтетінін түсіндірді:

  • электрондық шот-фактуралармен (ЭШФ) қалай жұмыс істеуге болады?
  • ҚҚС бойынша негізгі ұғымдар
  • ЭШФ жазып берудің және декларация тапсырудың негізгі мерзімдері.

Бұған қосымша онлайн-көмекші іске қосылады.

Министрдің айтуынша, салық есебін тапсыру нысандарының саны жыл сайын төмендеп келеді, мәселен, 2009 жылдан бері 70-тен 28-ге немесе 60%-ға азайған.

Енді бұған қосымша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндеттемелер сомасы 1 млн теңгеден аспайтындар үшін мүлік, көлік және жер салықтары бойынша ағымдағы төлемдерді тоқсан сайын таппсыру міндеті жойылады. Кәсіпкер жыл қорытындысы бойынша бір декларация тапсырып, оларды сол кезде төлейтін болады.

«Маңызды жаңалық – есеп тапсырмағаны үшін "айыппұл салу" тәжірибесінен бас тарту. Егер декларация тапсырылмаса, ол нөлдік көрсеткіштермен берілген деп есептеледі де, бұл кезде қосымша есеп беру және деректерді дұрыс нақтылау құқығы сақталады»,— деді Мәди Такиев.