$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жұмыссыз ретінде тіркелу жұмыс табуға қаншалықты көмектеседі

23.12.2025ж. 17:50
Жұмыссыз ретінде тіркелу жұмыс табуға қаншалықты көмектеседі
Фото: pixabay.com

Жұмыссыз ретінде тіркелудің қандай пайдасы бар? Бұл сұраққа Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығының мамандары жауап берді, деп хабарлайды Astana TV.

Елімізде жұмыстан өз еркімен кеткен не белгілі бір себептермен шығып қалған адамдар жұмыссыз ретінде тіркелмей, жаңа жұмыс орнын өз бетінше іздеуді жөн көреді. Алайда Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, мұндай мәртебе алудың пайдасы бар және ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Алдымен азамат Еңбек мобильділігі орталығына жүгініп не enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Сол арқылы ол қысқа мерзімді кәсіби оқуға жолдама алып, жаңа мамандықты меңгере алады. Сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан тұрақты жұмысқа не субсидияланған жұмыс орындарына жолдама алуы мүмкін.

Одан бөлек жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерге өтінім беруіне болады. Оны тағайындау үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы және жұмыссыз ретінде ресми тіркелу қажет. Төлемді алуға өтінішті жұмыссыз ретінде тіркелген кезде enbek.kz және egov.kz порталында немесе мансап орталығында және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы беру қажет. 

Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, жыл басынан бері 56 638 азамат жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрған. Қазіргі дейін олардан 25 367 адам тұрақты және уақытша жұмыстарға орналастырылды. Ал 2024 жылы Алматыда 49 840 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, кейін 26 304 адам жұмысқа орналасқан.

– Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 19 737 азамат қамтылды. Оның ішінде: жастар практикасына – 707 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 499 адам, «Күміс жас» жобасына – 577 адам, қоғамдық жұмыстарға – 9 165 адам, «Алтын жас» жобасына – 487 адам, кәсіби оқытуға – 906 адам, skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн оқытуға – 4 240 адам, кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесуге – 3 156 адам тартылды, - деп хабарлады орталықтан.